Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

"Оның барлығын Назгүл біледі": Азамат Сатыбалды өзге аруларға қатысты сыр шертті

"Оның барлығын Назгүл біледі": Азамат Сатыбалды өзге аруларға қатысты сыр шертті
Фото-коллаж: видеодан скриншот/ ЖИ арқылы өңделген

Танымал актер Азамат Сатыбалды мен жұбайы Назгүл Қарабалина отбасылық өмірі мен өнер жолындағы қиындықтар жайлы ашық әңгімеледі. Сұхбат барысында актер жарына қалай ғашық болғанын және өзге аруларға көңілі ауған сәттер туралы сыр шертті, деп хабарлайды ult.kz.

Өнердегі жұп журналист Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында жеке өміріне қатысты сауалдарға жауап берді.

Азамат Сатыбалды Назгүл Қарабалинаға қалай ғашық болған?

Актердің айтуынша, бозбала шағында болашақ жарын таңдағанда оның ата-анасы мен бауырларына деген қарым-қатынасына ерекше мән берген. Ал Назгүлдің жауабы оның өмірлік таңдау жасауына себеп болған.

"Мен енді ерке, үйдің кенжесі болғаннан кейін, бозбала ержеткеннен кейін өзіңе сүйікті жар іздейсің. Сол кезде көптеген қыздармен сөйлесесің, жүресің. Сол кезде мен барлық қыздарға сұрақ қоятынмын: "Мен үйдің тоғызыншысымын, әке-шешеммен бірге тұрамын" деп. Сол кезде жүріп жүрген қызың белгілі бола бастайды. Ақырындап ақылын айтады, болмаса қарсылығын білдіреді. Сол кезде түсіне бастайсың. Мен Назгүлге осы сұрақты қойған кезде, ол бірден "сенің әке-шешең – менің әке-шешем, сенің бауырларың – менің бауырларым" деп бірден айтты", – деді актер.

Сондай-ақ Азамат Сатыбалды Назгүлдің армандары жазылған қойын дәптерін байқаусызда оқып қалғанын еске алды. Сол сәтте оның жан дүниесін тереңірек танып, болашақ жарына қатысты шешім қабылдаған.

"Мынадай қыздан айырылсам, ақымақ болған шығармын деп ойладым да, қоңырау шалдым. Содан бастап екеуміз біргеміз. Құдайға шүкір. Қазір айтсам, асыра сілтеп, адамдар сенбеуі де мүмкін. Көп адамдар мені анамен де қосты, мынамен де қосты. Кезінде бізді ажырастырды да. Бірақ осы уақытқа дейін бір секундқа болсын "Назгүлмен ажырасамын" деген ой мүлдем болмапты", – деді өнер иесі.

Актердің басқа аруларға көңілі ауған ба?

Әңгіме барысында журналист актерге "Шынымен де ешкімге ойыңыз кетіп көрген жоқ па?" деген сауал қойды. Азамат Сатыбалды мұндай сәттердің болғанын жасырмай, сезім мен әрекеттің аражігін ажырата білу керектігін айтты.

"Ер жігіт болғаннан кейін ой болады ғой енді. Мен періште болып, ондай емеспін деп айта алмаймын. Кейде бір шығармашылық порывта жүрген кезде ондай сәттер болады. Бірақ оның барлығы, әрине, ар жаққа ұласып, харам тірлікке кетіп қалмауы керек. Ондай сәттерде ғашық болу сәттерін дұрыс арнаға салу керек. Мысалы, сондай порыв кезінде менің рөлдерім керемет шығып жатты. Оның барлығын Назгүл түсінеді, біледі", – деді актер.

Назгүл Қарабалина бұған не дейді?

Актриса жұбайының сөзін жалғап, өнер адамдарының шығармашылық барысында бастан кешетін сезімдерін түсінетінін жеткізді. Оның пікірінше, актердің кейіпкерін нанымды сомдауы үшін белгілі бір сезімді бастан өткеруі жеке өміріндегі опасыздықты білдірмейді.

"Мен өзім өнер адамы болғандықтан, бұл нәрсені түсінемін. Ойнаған персонажын көрсету үшін сезініп, эмоция алу керек. Бірақ ол оның артынан салпақтап кетіп қалды дегенді білдірмейді ғой. Бұл шығармашыл адамдар арасында айтылатын мәселе. Ол адамдар түсінігіне бара бермейтін дүние. Оны сол әлемде өмір сүрген адам ғана түсіне алады", – деді Назгүл Қарабалина.