Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында Санжар Боқаевтан жауап алу жалғасып жатыр. Бұл жолы сөз гранит тақталарды ұрлау, «Баум» тоғайындағы ағаштарды кесу және көрінеу жалған ақпарат тарату эпизодтары туралы болды, деп хабарлайды ult.kz.
Айыпталушы сапалы бейнеролик түсіру мақсатында тақталарды қайта сатып алуды өзі қаржыландырғанын мойындап, оны ұйымдастыру бойынша жауапкершілікті Бақытжан есімді белгісіз адамға жүктеуге тырысқанын айтты.
Боқаев гранит тақталарды сатып алу екі рет те өзінің қаражаты есебінен жүргізілгенін растады. Оның айтуынша, алғашқы әрекеттің нәтижесі бейнетүсірілім сапасының төмен болуына байланысты көңілінен шықпаған. Сондықтан ол қайтадан ақша бөліп, «әшкерелеуге» бағытталған бейнероликке қажетті кадрларға қол жеткізу үшін екінші рет тақталарды сатып алу жұмысына өзі де қатысқан. Ол бұл әрекетін қоғамдық бақылау мақсатымен түсіндірді.
Сонымен қатар ол алғашқы бейнежазбаны алғаннан кейін не себепті полицияға жүгінбегенін нақты түсіндіре алмады. Тек бейнежазбада арнайы техниканың түрін анықтау мүмкін болмағанын алға тартты. Боқаев демонтаждалған тақталардың нақты санын да атай алмады, тек олардың бірнеше мың дана болғанын шамалап айтты.
Гранит тақталарды сатып алуды ұйымдастыруға және Баум тоғайындағы ағаштарды кесуге қатысты жауапкершілікті Боқаев Бақытжан деп таныстырған әлдебір адамға жүктеді. Оның айтуынша, бұл адаммен ол ешқашан жеке кездеспеген және кейін онымен байланыс үзілген.
Алайда бұл нұсқа іс материалдарында бұрын зерттелген деректерге қайшы келеді. Ағаштарды кесуді орындаған Ақылбек Хамракулов жауап алу кезінде Бақытжан деген адамның Боқаевтың өзі екенін айтқан. Бұдан бөлек, сотта Боқаев пен Хамракулов алмасқан хаттар да зерттелген. Онда ақша беру туралы хабарламалар және алғашқы бейнетүсірілімнің сапасына қатысты наразылықтар тіркелген.
Сондай-ақ, Боқаевтың Хамракуловтың адвокаты Д. Ахметовпен жазысқан хаттары да қаралған. Бұл хат-хабарда Боқаев адвокаттан Хамракуловқа үндемеуін жеткізуді сұраған.
Жалған ақпарат таратуға, жаяу жүргіншілер өткелдерін жөндеу және «Атакент» аумағын абаттандыру туралы бейнероликтерге қатысты эпизодтар бойынша Боқаев бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар мен үшінші тұлғалардың материалдарына сүйенгенін айтты.
Осылайша, ол ақпаратты жарияламас бұрын оның дұрыстығын тексермегенін іс жүзінде мойындады. Айыпталушы «Атакент» аумағында мемлекеттік меншік нысандарының бар екенін тек сотқа дейінгі тергеу барысында ғана білгенін мәлімдеді. Оның үстіне, кешеннің нақты қай бөлігі мемлекет меншігіне тиесілі екенін әлі күнге дейін білмейтінін айтты.
Бұған дейін Боқаевтан алаяқтық жасау және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру эпизодтары бойынша жауап алынған болатын. Сол кезде ол BM Trust компаниясын іс жүзінде өзі басқарғанын, компанияның мөрі өзінің кабинетінде сақталғанын және қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру жөнінде тапсырмалар бергенін мойындаған.
Бұдан бөлек, ағаштарды кесу эпизоды бойынша жәбірленуші тарап медиациядан бас тартқаннан кейін Боқаев адвокаттары келтірілген залалды өтеу үшін «Медеу Парк» мекемесінен төлем шотын сұратқан. Ал бір күн бұрын олар «ҚазТрансГаз» кәсіподағымен медиациялық келісімге келу жөнінде келіссөздер жүргізу үшін уақыт беруді өтінген.