Бас прокуратура жастарды интернет арқылы есірткі бизнесіне тарту әрекеттері көбейіп жатқанын ескертіп, мұндай қылмысқа қатысқандардың цифрлық ізі міндетті түрде анықталатынын мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Ведомствоның хабарлауынша, интернет-дүкендерге кіру, әкімшілермен хат алмасу және қаржылық операциялар құқық қорғау органдарына қылмысқа қатысушыларды анықтауға мүмкіндік береді. Бүркеншік аттар мен жалған аккаунттар да жауапкершіліктен құтқармайды.
Мәселен, Алматыда есірткі сақтап, жасырын орындарға орналастырды деген күдікпен 12, 14 және 15 жастағы үш оқушы қыз ұсталған. Қазір тергеу жүріп жатыр.
Жітіқарада есірткі қоймасына жауапты болған 19 жастағы жігіттен шамамен 400 грамм синтетикалық есірткі тәркіленді. Сот оны 7 жылға бас бостандығынан айырды.
Ал Рудныйда есірткіні жасырын орындарға таратты деген күдікпен 21 жастағы екі жігіт ұсталды. Олардан 700 грамға жуық α-PVP синтетикалық есірткісі табылған. Бұл дерек бойынша тергеу жүргізілуде.
Бас прокуратура жастарға есірткі тасымалдау мен жасырын орындарға есірткі қалдыруды «оңай табыс» көзі деп қабылдамауға шақырды. Ведомство мұндай әрекеттер ауыр қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертті.