Белгілі режиссер Ақан Сатаев Атырау қаласындағы Infinity Mall кинотеатрында “Күлпәш” фильмінің көрсетіліміне барды. Алайда тарихи драманы тамашалауға небәрі 10 көрермен келген, деп хабарлайды ult.kz.
Кинотеатр әкімшілігі режиссерге залда көрерменнің аз екенін алдын ала ескерткен. Соған қарамастан Сатаев көрермендермен кездесуден бас тартпаған.
“Бір адам отырса да кіремін”, – деген режиссер.
Ол түсірілім тобының атынан кино көруге келген жұртшылыққа алғыс айтып, кез келген фильмге көрерменнің жан бітіретінін жеткізді.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазба көпшіліктің назарын аударды. Желі қолданушыларының бір бөлігі фильмнің жұмыс уақытында көрсетілгенін айтса, енді бірі туындының жарнамасы аз болғанын алға тартты.
Баян Алагөзова да пікір білдірді
Белгілі продюсер Баян Алагөзова әріптесінің әрекетіне қолдау білдірді. Оның пікірінше, қазақстандық көрермен әлі де комедия жанрындағы фильмдерді жиі таңдайды.

Продюсер тарихи әрі ауыр тақырыптарды қозғайтын туындылардың көрермені уақыт өте көбейетініне сенетінін айтып, Ақан Сатаевқа өнерге деген адалдығы үшін алғыс білдірді.
Айта кетейік, Азамат Сатыбалды мен жары отбасылық сырын ашты.
“Күлпәш” фильмі не туралы?
“Күлпәш” – қазақ әдебиетінің классигі Бейімбет Майлиннің 1922 жылы жазылған аттас әңгімесінің желісімен түсірілген тарихи драма.
Фильмде ХХ ғасырдың басындағы қазақ даласын жайлаған ашаршылық пен қарапайым халықтың ауыр тұрмысы бейнеленеді.
Басты кейіпкер Күлпәш күйеуі мен кішкентай ұлын аштықтан аман алып қалу үшін ауыр шешім қабылдап, ауқатты қарттың үйіне кетеді. Осы арқылы жақындарына жасырын тамақ жеткізуді көздейді.
Туындыда ана махаббаты, жанқиярлық, ашаршылық қасіреті мен адам тағдыры суреттеледі.
Фильмде Гүлмира Хасенова, Еркебұлан Дайыров, Байкенже Белбаев, Бекболат Мақашев және Махаббат Сарқытбаева сынды актерлер ойнаған.
92 минуттық тарихи драма 2026 жылғы 19 қарашада кинотеатрлардан көрсетіле бастады. Бұған дейін фильмнің 10 қарашаға жоспарланған тұсаукесері кейінге шегерілген болатын.