Америкалық театр және кино актері Стивен Хэк 68 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды ult.kz.
Өнер иесі 19 қарашада Лос-Анджелестегі үйінде қайтыс болған. Оның қазасы туралы 21 қарашада өзі негізін қалаушылардың бірі болған InterAct театр ұжымы хабарлады.
Бастапқыда актердің жүрегі кенеттен сыр бергені айтылған. Кейін медициналық қорытындыда оның атеросклероздық жүрек-қан тамырлары ауруынан қайтыс болғаны көрсетілді.
Театр ұжымы марқұмның отбасына көңіл айтып, оның талантын, адамгершілігін және өнерге қосқан үлесін ерекше атап өтті.
Актер өмірден өтерінен бірнеше ай бұрын “Клиника” телехикаясының жаңа маусымына қайта оралғысы келетінін айтқан еді. Аталған туындыда ол дәрігер Фред Боббтың рөлін сомдаған.