Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Боқаев әділдік үшін күресуді желеу етіп, танымалдық пен пайда табу мақсатында қылмысқа барған – прокурор

Боқаев әділдік үшін күресуді желеу етіп, танымалдық пен пайда табу мақсатында қылмысқа барған – прокурор
Ашық дереккөздерден

Алматыда Санжар Боқаев пен басқа да фигуранттарға қатысты сот процесінің қорытынды кезеңінде мемлекеттік айыптаушы Жәнібек Мамытов жарыссөзде сөз сөйледі, деп хабарлайды ult.kz.

Ол айыптау тарапының ұстанымын баяндап, айыпталушының әрекеттерін «екіжүзділік пен қоғамдық сананы манипуляциялау» деп сипаттады. 

Прокурордың айтуынша, сот тергеуі аяқталды, енді сот анықталған фактілерге құқықтық баға беруі тиіс.

«Барлық құпия ерте ме, кеш пе ашылады. Бұл залда ешкімді дабыралы сөздері үшін немесе жазылушылар санына қарап соттап жатқан жоқ. Мұнда нақты қылмыстар туралы сөз болып отыр», – деді Мамытов. 

Прокурор айыптаудың бірінші бөлігіндегі негізгі себепті жеке басын байытуға ұмтылу деп атады. Мемлекеттік айыптаушы Боқаевтың 2015 жылдың өзінде-ақ «ҚазТрансГаз» АҚ бас директоры Қайрат Шәріпбаевтың кеңесшісі қызметіне тағайындалғанына ерекше назар аударды. Сонымен қатар, ол іс жүзінде өз бетінше әрекет етіп, шешімдерін «ҚазТрансГаздың» жаңа басшысы Сүлейменовпен келіспеген. Мұны соңғысы сот отырысы барысында тікелей растады. Боқаевтың іс-қимылындағы еркіндігі айтарлықтай кең болған және ол компанияның жаңа басшылығымен өз әрекеттерін келісуді қажет деп санамаған. 

«ҚазТрансГаз» АҚ бас директорының кеңесшісі қызметін атқарған Боқаев компанияның кәсіподақ арқылы түрлі іс-шараларды қаржыландыру тетігін зерттеп, осы мақсатта өз бақылауындағы «BM Trust» ЖШС-ін пайдаланған. Алғашында компания Ж. Маратовтың атына тіркеліп, кейін айыпталушы Қалменовтің атына қайта рәсімделген. Нәтижесінде 2018 жылы халықаралық автошеруді ұйымдастыруға бөлінген 42 млн теңгеден астам қаражат жымқырылған. Айыптау тарапының нұсқасы бойынша, бұл ақша Боқаевтың «Art Romance» жиһаз бизнесін дамытуға жұмсалған. 

Прокурор «ар-ұжданмен өмір сүруге» шақырған Боқаевтың өзінің жеке парақшасында жариялаған жиһаз брендіне қатысты жарнамасын ерекше екіжүзділік деп бағалады. Оның айтуынша, кәсіподақ қаражаты жауапсыз мердігерлерге емес, жұмысшыларға тиесілі. 

Қорғау тарапының қатынастардың азаматтық-құқықтық сипатта болғаны және қаражат кәсіподақтың меншігі болмағаны туралы уәждерін прокурор жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтары жоққа шығаратынын айтты. Сонымен қатар ол компания басшылығы тарапынан қаражаттың жұмсалуына тиісті бақылау болмағанын атап өтті. 

Мамытовтың айтуынша, айыптаудың екінші бөлігі басқа мақсаттан туындайды: Боқаевтың өзін «ақиқат үшін күресетін тұлға» ретінде көрсетуге ұмтылуы. Айыптау нұсқасы бойынша, Боқаев шынайы оқиғаларды іздеудің орнына, қиын жолдың орнына оңайын тауып, режиссер болып, оларды өзі ұйымдастырған. Бейнеролик түсіру үшін жағалаудағы құрылыс алаңынан гранит тақталардың ұрлығын және Баум тоғайында түн ішінде 16 ағашты кесуді ұйымдастырған. Кейін оқиға орнына камерамен келіп, белгісіз құқық бұзушыларды іздеп жүргендей кейіп танытқан. 

«Бір ғана бейнеролик үшін жайқалған ағаштар жойылды», – деді прокурор.

Оның сөзінше, мемлекеттік сатып алу деректері бұрмаланып көрсетілген бейнероликтер (он жаяу жүргіншілер өткелін жөндеу, «Атакентті» жаңғырту) жүздеген мың қаралым жинап, мыңдаған ашулы пікірге себеп болған. Алайда прокурордың пікірінше, олардың негізінде «әдейі таратылған жалған ақпарат» жатқан. Мамытов қорғау тарапының Боқаев ізгі ниетпен қателесті деген уәжін қабылдамады. Оның айтуынша, Боқаев мемлекеттік құрылымдарда ұзақ жылдар жұмыс істеген және «мемлекеттік сатып алу порталының қалай жұмыс істейтінін жақсы түсінеді». 

«Боқаевтың өзі ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеген, әкімдік құрылымдарында да, квазимемлекеттік секторда да басшылық лауазымдарды атқарған. Сондай-ақ, ол ұзақ уақыт бойы «Нұр Отан» партиясының идеологтарының бірі болған. Ол мемлекеттік сатып алу порталының жұмыс істеу алгоритмін жақсы біледі. Мұндай тәжірибесі бар адам аталған мәселелердің қыр-сырын жетік меңгерген», – деп атап өтті прокурор. 

Мамытовтың сөзінше, сарапшылар мынадай қорытындыға келген: Боқаевтың бейнероликтері мемлекеттік институттарға деген сенімді төмендетеді. Айыптау тарапының мәлімдеуінше, мұның салдарынан қаланың үш мекемесіне зиян келтірілген. 

«Мойындау керек, Боқаев ақпаратты көпшілікке ұсынудың шебері. Оның бейнежазбалары мыңдаған қаралым жинап, қоғамда өзі көздеген дүрбелеңді туғызды. Соның салдарынан азаматтардың бір бөлігі осы уақытқа дейін оның қолдан құрастырған бейнероликтерін шындық деп қабылдайды», – деп мәлімдеді Мамытов. 

Прокурор қылмыстық схемада әр қатысушының рөлі нақты бөлінгенін алға тартты. Оның айтуынша, негізгі ұйымдастырушы – Боқаев, ал Қалменов пен оператор Нүсіпқожа аңғал көмекшілер емес, өз әрекеттерінің мәнін түсінген қатысушылар болған. Сонымен қатар Мамытовтың сөзінше, Нүсіпқожа өз кінәсін мойындап, өкінген және сотқа істің мән-жайын анықтауға көмектескен.

Қорғау тарапының негізгі уәждерінің бірі болған Хамракуловтың айғақтарын прокурор сенімсіз деп бағалады. Оның айтуынша, Хамракулов өз ұстанымын үш рет өзгерткен. Сонымен қатар Боқаев оның адвокатының ақысын төлеп, одан «үндемеуді» сұраған.

«Плиталарды ұрлау және ағаштарды кесу оқиғалары кезінде Боқаевтың Хамракуловқа бірнеше рет ақша аударғанын ескерсек, Хамракуловтың айғақтары әуел бастан-ақ күмән тудырады. Басқаша айтқанда, Хамракулов та Боқаевтың өзі сияқты өтірікші әрі манипулятор деуге болады», – деді мемлекеттік айыптаушы. 

Прокурор қорғау тарапы психологиялық-филологиялық сараптаманың қорытындыларына күмән келтіруге тырысқанын да атап өтті. Алайда қорғау тарапының өзі шақырған саясаттанушы сарапшы іс жүзінде мемлекеттік айыптау нұсқасын растаған. 

Сөзінің соңында Мамытов сын айту мен сөз бостандығына тыйым салынбағанын, алайда «блогер мәртебесі мен қолдағы камера ешкімге өзін заңнан жоғары қою құқығын бермейтінін» баса айтты. 

Одан кейін айыптау тарапының екінші өкілі, прокурор Жаңыл Жұмабаева сөз алып, іс фигуранттарының кінәсін дәлелдейтін айғақтарға толығырақ тоқталды.