Алматыда бес адамның өмірін қиған өртке қатысты жаңа деректер жарияланды. Бейнебақылау камералары өрт басталардан бірнеше минут бұрын үйге қара күртеше мен сұр бас киім киген әйелдің кіргенін түсіріп алған. Ол ғимарат ішінде екі минуттай болған. Әйел кеткеннен кейін көп ұзамай үйден түтін шыға бастаған, деп хабарлайды ult.kz.
Telegram-дағы Halyqstan арнасының мәліметінше, қайғылы оқиға 26 қарашаға қараған түні Вахтангов көшесінде болған. Сегіз бөлмелі жеке үйден өрт шығып, бес адам тілсіз жаудың құрбаны болды.
Алдын ала мәлімет бойынша, өрт ошағынан бензин іздері анықталған. Бұл арнайы құрылғы арқылы расталған.
Арна дереккөзінің хабарлауынша, үйге кірген әйелдің кім екені анықталған. Қазір тергеу оның осы үйде тұрған ер адамдардың бірімен бұрын қарым-қатынаста болған-болмағанын тексеріп жатыр. Құқық қорғау органдары ықтимал себеп ретінде кек алу немесе қызғаныш нұсқаларын қарастыруда.
Өрт салдарынан екі Өзбекстан азаматы, 64 жастағы әйел мен оның 41 жастағы қызы, сондай-ақ 2017 жылы туған қыз бала көз жұмған. Кішкентай қыз анасымен және әпкесімен бірге бір бөлмеде тұрған.
Өрт сөндірушілер оқиға орнына жедел жетіп, жалынды бір сағат ішінде толық сөндірген.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 292-бабы 3-бөлігі («Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу салдарынан екі немесе одан да көп адамның абайсызда қаза табуы») бойынша тергеліп жатыр. Бұл бап бойынша 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.