Танымал блогер Ырысбала Икрамбай әлеуметтік желідегі парақшасында әйелдің нәзіктігі мен жан дүниесі туралы жазба жариялады, деп хабарлайды ult.kz.
Блогер жазушы Дулат Исабековтің “Өкпек жолаушы” шығармасынан үзінді келтіріп, әйелдің мінезі мен оның қалыптасуына қоршаған ортаның әсері туралы ой бөлісті.
“Жаман әйел болмайды, біз оны қолдан жасаймыз. Арал теңізінің суы тартылып, тұзы молайғанда әсем ақ шабақтар жан сақтау үшін түрі мен түсін өзгертіп, балшыққа кіріп тіршілік етеді екен. Біз суы азайып, тұзы молайған теңіз сияқты, әйелдерімізді дөрекілендіріп алғанбыз. Біз олардың алдында олардың өліп бара жатқан нәзіктігі мен тазалығының алдында мәңгі бақи айыптымыз. Сол қасиетті тұншықтырғанымыз үшін біз күнәһармыз”, – делінген жазбада.
Шығарма авторы әйелдің бойындағы нәзіктіктің жоғалуын Арал теңізінің тартылуымен астастыра суреттеген. Жазушы әйел мінезінің өзгеруіне айналасындағы адамдардың қарым-қатынасы мен өмірлік жағдайлар да себеп болатынын меңзейді.
Ырысбала Икрамбай осы үзінді арқылы отбасындағы сыйластық пен әйелдің жан дүниесіне деген жауапкершілік мәселесіне назар аударған.
Айта кетейік, Ақан Сатаевтың әрекеті көпшілікті толқытты.
Ырысбала Икрамбай кім?
Ырысбала Икрамбай – қазақстандық блогер, кәсіпкер және қайырымдылық бастамаларымен танылған қоғам белсендісі. Ол әлеуметтік желі арқылы тұрмысы төмен, көпбалалы және баспанаға мұқтаж отбасыларға көмек көрсетуді ұйымдастырып, көпшілікке танылды.

Блогер еріктілермен бірлесіп, халықтан қаражат жинау арқылы жүзге жуық отбасының баспаналы болуына жәрдемдескен.
Ырысбала Икрамбай – отбасылы, балалы ана. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында жеке өмірі, бала тәрбиесі, ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас және қоғамдағы әлеуметтік мәселелер туралы жиі ой бөліседі. Сондай-ақ қайырымдылық мәдениеті мен мұқтаж жандардың тұрмыс-тіршілігіне қатысты мәселелерді көтеріп жүр.