Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Тоқаев: Жасанды интеллект әлемдік экономиканы түбегейлі өзгертеді

Тоқаев: Жасанды интеллект әлемдік экономиканы түбегейлі өзгертеді
Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев AI Journey 2026 халықаралық жасанды интеллект конференциясында сөз сөйлеп, ғылым мен технология саласындағы өзгерістерге тоқталды. Мемлекет басшысы жасанды интеллектінің жаһандық экономикаға және мемлекеттердің дамуына ықпалы арта түсетінін айтты, деп хабарлайды ult.kz.

Президент форумға шақырғаны үшін Ресей басшысы Владимир Путинге алғыс айтып, Ресейдің ғылым мен технология саласындағы жетістіктерін жоғары бағалады. Сондай-ақ Михаил Ломоносов, Дмитрий Менделеев, Сергей Королев, Константин Циолковский сияқты ғалымдардың еңбегін атап өтті.

Тоқаевтың айтуынша, Ресейдің ғылыми жетістіктері қазіргі уақытта да жалғасып келеді. Ол «Сбер» мен «Яндекс» компанияларының технологиялық әзірлемелерін атап, Ресейдің инновациялық инфрақұрылымына оң баға берді.

Мемлекет басшысы Қазақстан үшін де цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту басым бағыттардың бірі екенін жеткізді. Оның сөзінше, биыл 1 шілдеде күшіне енген жаңа Конституцияда ғылым мен инновацияны дамыту стратегиялық бағыт, ал білім мен прогресс мемлекеттің басты құндылықтары ретінде бекітілген.

Президент Қазақстан мен Ресей арасындағы озық технологиялар саласындағы ынтымақтастық стратегиялық серіктестіктің маңызды бағыттарының біріне айналатынына сенім білдірді.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев әлем жаңа ғылыми-техникалық революцияның табалдырығында тұрғанын атап өтті. Оның пікірінше, бұл өзгерістер жаһандық экономиканы, адамдардың дүниетанымын және мемлекеттердің даму бағытын түбегейлі өзгертеді.

«Жасанды интеллект қазірдің өзінде жекелеген өндірістік және когнитивтік үдерістерді автоматтандырумен шектелмей, технологиялық инфрақұрылымның ажырамас бөлігіне айналды. Биыл әлемде жасанды интеллектіге жұмсалатын қаржы шамамен 2,7 триллион долларды құрауы мүмкін. Оның 1,5 триллион доллардан астамы цифрлық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған», – деді Президент.

Сондай-ақ ол Стэнфорд университетінің зерттеуіне сәйкес, сауалнамаға қатысқан ұйымдардың 88 пайызы күнделікті жұмысында жасанды интеллектіні қолданатынын айтты. Екі жыл бұрын бұл көрсеткіш 55 пайыз болған.

Тоқаевтың сөзінше, әлемдегі технологиялық өзгерістер ұзақмерзімді сипатқа ие және бұл үдерісті тоқтату мүмкін емес. Президент жақында NVIDIA компаниясының басшысы Дженсен Хуангпен кездескенін де еске салды.