Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

"Қас-қабағымен тәртіпке шақырады": Айнұр Бермұхамбетова күйеуі туралы айтты

"Қас-қабағымен тәртіпке шақырады": Айнұр Бермұхамбетова күйеуі туралы айтты
Фото-коллаж: ult.kz/ ЖИ-мен өңделген

Белгілі актриса Айнұр Бермұхамбетова жары, әнші әрі актер Нұркен Өтеуілмен қалай танысқанын, отбасылық өмірі мен бала тәрбиесі туралы баяндады. Өнер иесі бұл туралы "Хабар" телеарнасындағы "Өмір өрнегі" бағдарламасында айтты, деп хабарлайды ult.kz.

Актрисаның сөзінше, ерлі-зайыпты студенттік шақта танысқан. Бір топта білім алған қос өнер иесінің достығы кейін махаббатқа ұласқан.

"Нұркен екеуміз Т. Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға түскен кезде таныстық. Бір курста, бір топта болдық. Дос болдық, араластық, сосын бірінші курс соңында қыз-жігіт болып кездесе бастадық. 4-5 жыл жүрдік. Қ. Қуанышбаев атындағы музыка және драма театрына жұмысқа шақырылдық. Бір жыл жұмыс жасағаннан соң, отбасын құрдық. Екі баламыз бар", – деді актриса.

Нұркен Өтеуіл қандай әке?

Айнұр Бермұхамбетова жұбайының бала тәрбиесіне қатысты ұстанымы туралы да айтты. Оның сөзінше, Нұркен Өтеуіл балаларына үнемі еркелетіп, мейірімін ашық көрсете бермейді. Қажет кезде қаталдық танытып, қабағымен-ақ тәртіпке шақырады.

"Нұркенді балаларға мейірім төгіліп, өткен-кеткен сайын маңдайынан сүйіп тұрады деп айта алмаймын. Керек кезде қаталдау, керек кезде үндемейді, керек кезде қас-қабағымен, қатты сөзімен "тәйт" дейтін кезі болады", – деді өнер иесі.

Актрисаның айтуынша, балалары әкелерін ерекше қадірлейді. Ал ерлі-зайыпты отбасылық өмір мен шығармашылықты бір-бірінен ажырата біледі. Өмірде жұп болған қос актер сахнада да талай рет бірге өнер көрсеткен.

"Балалар әкелерін қатты қадірлейді. Үйде ерлі-зайыптымыз, ал жұмыста әріптеспіз. Әрине, бір спектакльде бірге ойнаған рөлдеріміз бар. Ол Абай, мен Әйгерім болып "Абай" спектаклінде, "Айман-Шолпанда" мен Теңге, ол Көтібарды, "Жұбайлар" спектаклінде ол Генрих, мен Розалинда", – деді Айнұр Бермұхамбетова.

Айта кетейік, қос өнер иесінің махаббат хикаясы мен отбасылық өмірі туралы сұхбаттың толық нұсқасы жексенбі күні сағат 13:00-де "Хабар" телеарнасынан көрсетіледі.