Белгілі әнші Наркенже Серікбаева Астана қаласынан баспана алып, қоныс тойын атап өтті. Өнер иесі қуанышын әлеуметтік желідегі оқырмандарымен бөлісті, деп хабарлайды ult.kz.

Әнші әрбір жетістігін марқұм анасының дұғасымен және халқының ақ тілегімен байланыстыратынын жеткізді. Сондай-ақ қуанышына ортақтасу үшін Шымкенттен арнайы келген жақындарына алғыс білдірді.
"Астанадан баспана алдым!
Әуелі Алла, сосын тілеулес қазағымның арқасында Астанадан үй алдым. Қандай жетістікке жетсем де марқұм анамның дұғасы, елдің тілеуі деп білем. Толассыз кеп жатқан құттықтау хаттарыңызға рахмет! Бәріңізге осындай қуаныш нәсіп болсын! Шымкенттен келіп менің қуанышымды бөліскен ағаларыма, әпкелеріме, достарыма, інілеріме, сіңлілеріме алғысымды білдіремін! Жаныма жақсы адамдарды жіберген Жаратқаныма шүкір!
Бір кездері арман болған дүниелерге бұл күндері қол жеткізудемін! Аллаға сансыз шүкір! Аман болыңыздар, қара орман қазағым", – деп жазды әнші.
Желі қолданушылары өнер иесін жаңа қонысымен құттықтап, ақ тілектерін жаудырды.
Наркенже Серікбаева кім?
Наркенже Серікбаева – қазақтың дәстүрлі әндері мен термелерін орындаушы, республикалық және халықаралық өнер байқауларының лауреаты. Ол 1983 жылы Өзбекстанның Бұқара өңірінде дүниеге келген. 1994 жылы отбасымен Қазақстанға қоныс аударып, Түркістан облысының Түлкібас ауданында білім алған.
2005 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің өнер факультетін актер мамандығы бойынша тәмамдаған.
Шәмші Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармониясында еңбек еткен. Өнер иесі – "Құрмет" орденінің және "Ерен еңбегі үшін" медалінің иегері.