Жаңаөзен қаласында есірткі заттарын заңсыз сақтады деген күдікпен 48 жастағы тұрғын ұсталды. Одан 1,8 келі марихуана мен 18,61 грамм апиын тәркіленді, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, 24 қарашада қалалық полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізген. Нәтижесінде күдікті Жұлдыз шағын ауданындағы Сақ базарының алдында ұсталды.
Оны жеке тінту және тұрғылықты мекенжайында жүргізілген тексеру барысында есірткі заттары табылды. Сараптамаға алынған заттардың жалпы салмағы 1,8 келі марихуана және 18,61 грамм апиын болған.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабымен қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар медициналық куәландыру күдіктінің есірткілік масаң күйде болғанын көрсетті. Осыған байланысты ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 440-1-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.