Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Оралда негізсіз жол жөндеуге 272 млн теңге бөлінген

Оралда негізсіз жол жөндеуге 272 млн теңге бөлінген
ашық дереккөз

Орал қаласында 1,2 шақырым жолды күрделі жөндеуге қарастырылған 272 млн теңге бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына жол берілмеді. Прокурорлық тексеру барысында жоспарланған жұмыстардың экономикалық негіздемесі жоқ екені және бюджет заңнамасының талаптары бұзылғаны анықталды, деп хабарлайды ult.kz.

Прокуратураның мәліметінше, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі ұзындығы 1,2 шақырым болатын жол учаскесін күрделі жөндеуге мемлекеттік сатып алу шартын жасасқан.

Алайда тексеру кезінде жоспарланған жұмыстардың жөндеу түріне сәйкес келмейтіні, сондай-ақ аталған учаскеге асфальт төсеу қажеттілігі экономикалық тұрғыдан негізделмегені белгілі болды.

Прокуратураның наразылығынан кейін мемлекеттік сатып алу шарты бұзылып, 272 млн теңгенің мақсатсыз жұмсалуына тосқауыл қойылды.

Сонымен қатар заңбұзушылықтарға жол берген бөлім басшысына қатаң сөгіс жарияланды.

Бюджет қаражатының заңды әрі мақсатты жұмсалуын қадағалау прокуратура органдары жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала береді.