Ішкі істер министрлігі ауа райының қолайсыздығына байланысты жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырды, деп хабарлайды ult.kz.
Қазгидрометтің болжамына сәйкес, 26 қарашадан бастап еліміздің бірқатар өңірінде жаңбыр мен қар жауып, қатты жел соғуы мүмкін. Мұндай жағдайда жолдарда көктайғақ пайда болып, көлік қозғалысына қауіп төнеді.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, қолайсыз ауа райында көріну қашықтығы қысқарып, көліктің тежеу жолы ұзарады. Сондықтан жүргізушілер жылдамдықты төмендетіп, көліктер арасында қауіпсіз қашықтық сақтауы қажет. Сондай-ақ кез келген маневрді аса сақтықпен орындау ескертілді.
Полиция алыс жолға шығар алдында ауа райы болжамы мен жолдардың жағдайын тексеруге кеңес береді. Қажет болмаса, қалааралық сапарларды кейінге қалдырған жөн.
Ведомство қысқы дөңгелектерге қатысты талапты да еске салды. 1 желтоқсаннан 28 ақпанға дейін көлік құралдарын қысқы шиналарсыз пайдалануға тыйым салынады.
Жаяу жүргіншілерге де сақтық таныту ұсынылды. Жолдан өтер алдында көліктің толық тоқтағанына немесе жүргізушінің жол бергеніне көз жеткізу, өткелден өту кезінде ұялы телефонға алаңдамау қажет.
Министрліктің мәліметінше, полиция қызметкерлеріне жолда қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсету және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берілген.