Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында он көпбалалы ана «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік наградаларын уақытында ала алмаған. Бұған әкімдік қызметкерлерінің құжаттарды рәсімдеуді созбалаңға салуы себеп болған, деп хабарлайды ult.kz.
Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында көпбалалы аналарды мемлекеттік наградалармен марапаттау рәсімінде заң талаптарының бұзылғаны анықталды.
Аудандық әкімдік тарапынан қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстарының уақытылы жүргізілмеуіне байланысты он әйел «Алтын алқа» және «Күміс алқа» наградаларын белгіленген мерзімде ала алмаған.
Сонымен қатар құжаттардың кешіктірілуі көпбалалы аналардың өздеріне тиесілі әлеуметтік қолдау шараларын уақытылы пайдалануына да кедергі келтірген.
Аталған заңбұзушылықтарға прокуратура араласып, тиісті шаралар қабылдады. Прокурорлық қадағалау нәтижесінде он әйелдің барлығына тиісті мемлекеттік наградалар табысталды.
Ал заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етпеген жауапты лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.