Алматының Әуезов ауданында шақыртуға барған полицейге күш көрсеткен ер адам ұсталды. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ult.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, «Өтеген» тұрғын үй кешеніндегі жалдамалы пәтерде тұратын адамдардың жанжалына байланысты ОСИ төрағасы полиция шақырған.
Оқиға орнына келген патрульдік полиция қызметкерлері жанжалды тоқтатуға тырысқан. Алайда ер адам тәртіп сақшыларының заңды талабына бағынбай, полицейлердің бірінің басынан ұрып, бас киімін түсіріп жіберген.
Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.