14 әскери қызметшінің өлімі: 300-ден астам адамнан жауап алынды

14 әскери қызметшінің өлімі: 300-ден астам адамнан жауап алынды
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметшінің қаза табуына қатысты тергеу аяқталуға жақын. Қылмыстық іс аясында 300-ден астам адамнан жауап алынып, 30-дан астам сараптама жүргізілді, деп хабарлайды ult.kz.

Бас прокуратураның мәліметінше, жақын арада тергеу әрекеттері аяқталып, қатысушылар іс материалдарымен таныстырылады. Тергеу барысы ведомствоның ерекше бақылауында.

Еске салайық, 24 қыркүйекте Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюінен 14 әскери қызметші қаза тапқан. Тағы үшеуі құтқарылды.

Қайғылы оқиғаға байланысты қызметке салғырт қарады және кеме жүргізу қағидаларын бұзды деген күдікпен Қарулы күштердің Әскери-теңіз күштеріндегі жоғары лауазымды тұлғаларды қоса алғанда, сегіз адам қамауға алынған.