Лицей директорының жұбайы еден жуушының шелегін тепкен: Білім басқармасы тексеріс бастады

Лицей директорының жұбайы еден жуушының шелегін тепкен: Білім басқармасы тексеріс бастады
видеодан скриншот

Ақтаудағы Tulpar School жекеменшік лицейінде әйел адамның еден жуушының су толы шелегін теуіп жіберген видеосы әлеуметтік желіде тарады. Оқиғаға қатысты Маңғыстау облысының Білім басқармасы арнайы комиссия құрды, деп хабарлайды ult.kz.

Әлеуметтік желіде жарияланған видеода әйелдің тазалық жұмыстарын жүргізіп жүрген қызметкердің су толы шелегін аяғымен теуіп жібергені көрінеді.

Желі қолданушыларының жазуынша, бұл әйел оқу орны директорының жұбайы. Осы оқиғаға байланысты полицияға арыз түскені де хабарланды.

Маңғыстау облысының Білім басқармасы жағдайға байланысты арнайы комиссия құрылғанын мәлімдеді. Комиссия оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты зерделемек.

Тексеру барысында тараптардың түсініктемесі тыңдалып, жағдайға құқықтық және ұйымдастырушылық тұрғыдан баға беріледі. Оның қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнама аясында тиісті шаралар қабылданады.

Білім басқармасы бұл мәселені бақылауда ұстап отырғанын хабарлады.

Ал облыстық Полиция департаменті оқиғаға қатысты әзірге түсініктеме берген жоқ.