Navai-ға Қазақстанға бес жыл кіруге тыйым салынды: Ресейде жауапқа тартылуы мүмкін бе?

Navai-ға Қазақстанға бес жыл кіруге тыйым салынды: Ресейде жауапқа тартылуы мүмкін бе?
ашық дереккөз

Ресейлік адвокат Сергей Жорин Қазақстанда рэпер Navai-ға қатысты қылмыстық істің тоқтатылуына байланысты пікір білдіріп, өнерпаздың Ресейде жауапқа тартылу ықтималдығын түсіндірді. Сондай-ақ ол рэпердің Қазақстанға қайта кіруіне қатысты шектеулер туралы айтты, деп хабарлайды ult.kz. Super басылымына сілтеме жасап.

Адвокаттың сөзінше, Қазақстанда Наваи Бакировқа қатысты қылмыстық істің тоқтатылуы Ресейде автоматты түрде жаңа іс қозғауға негіз болмайды.

«Бакировқа Ресейде міндетті түрде қандай да бір жаза қолданылады деп есептеуге негіз көріп тұрған жоқпын. Қазақстанда қылмыстық істің тоқтатылуы өздігінен Ресейде жаңа қылмыстық іс қозғауға әкелмейді», – деді Сергей Жорин.

Оның түсіндіруінше, Ресей заңнамасына сәйкес, шетелде қылмыс жасаған Ресей азаматын елінде қылмыстық жауапқа тарту үшін заңда көзделген негіздер мен дәлелдер қажет. Басқа елде істің тоқтатылуының өзі жеткіліксіз.

Адвокаттың пікірінше, рэпердің Ресейде жауапқа тартылу ықтималдығы төмен.

Navai Қазақстанға қашан орала алады?

Сергей Жорин Қазақстан заңнамасына сәйкес, сот шешімімен елден шығарылған шетел азаматына бес жыл бойы елге кіруге тыйым салынатынын айтты. Бұл мерзім елден шығару туралы шешім орындалған күннен бастап есептеледі.

Егер Наваи Бакировқа қатысты елден шығару туралы сот шешімі қабылданған болса, ол алдағы бес жылда Қазақстанға, соның ішінде концерт өткізу үшін де келе алмайды.

Navai-ға қатысты іс қалай басталды?

Еске салайық, 14 қазанда рэпердің Астанадағы концерті өтпейтіні белгілі болды. Сол күні Жамбыл облысының полиция департаменті Navai есірткі контрабандасына күдікпен ұсталғанын хабарлаған. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.

15 қазанда өнерпазға қатысты қамауға алу шарасы санкцияланғаны хабарланды. Оның адвокаты Рена Керимова қорғау тарапы рэперге айыппұл тағайындалуына қол жеткізуге тырысатынын айтқан.

Кейін Қазақстанда оған қатысты қылмыстық іс ақтамайтын негіздер бойынша тоқтатылып, рэпер елден шығарылды.