Рэпер NAVAI Қазақстан шекарасында ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.
Полицияның мәліметінше, 13 қазанда «Қордай» өткізу бекетінде Қазақстанға кірмек болған NAVAI лақап атымен танымал шетелдік азамат ұсталған.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен бірлесіп жүргізілген тексеру кезінде ол мінген көліктен есірткі заты табылып, тәркіленген.
Аталған дерек бойынша есірткі контрабандасына оқталу күдігімен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, Алматылық танымал рэперге қатысты қылмыстық іс қозғалды.
NAVAI кім?
NAVAI (Наваи) - әзербайжан текті ресейлік рэпер әрі ән авторы. Шын аты - Наваи Бакиров. Ол 1995 жылғы 2 сәуірде Ресейдің Самара қаласында дүниеге келген. Көпшілікке HammAli & Navai дуэті арқылы танылды. 2016 жылы құрылған дуэттің алғашқы бірлескен әні «День в календаре» деп аталады.
Наваи махаббат пен айырылысу тақырыбындағы лирикалық әндерімен белгілі. Дуэттің танымал туындыларының бірі — «Хочешь, я к тебе приеду». Ол басқа орындаушылармен де шығармашылық байланыс орнатып, жеке әндерін шығарған.