Алматыда ер адамның жарақат алуына байланысты Qurt лақап атымен танымал рэпер Дамир Қойшыбаевқа қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ult.kz.
Әлеуметтік желідегі мәліметке сәйкес, оқиға 30-нан 31 тамызға қараған түні болған. Шешендік өнер курсының сабағынан кейін студенттер оқытушыларымен бірге барға барған. Сол жерде рэпер де таныстарымен отырған.
Кеш барысында жанжал туып, кейін төбелеске ұласқан. Салдарынан бір ер адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.
Медеу аудандық полиция басқармасы аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғады. Полиция жанжалға қатысқандардың барлығын анықтаған.
Қазір оларды ұстау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Тергеу Алматы қаласы полиция департаменті басшылығының бақылауында.