Танымал рэпер Navai-ға қатысты екі айға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Ол есірткі заттарын шекара арқылы заңсыз алып өтті деген күдікке ілінген, деп хабарлайды ult.kz.
Ақпаратқа сәйкес, бір күн бұрын Қазақстан шекарасында Mercedes маркалы автокөлік тексеріліп, ішінен тыйым салынған заттар табылған. Сол сәтте көлік тізгінінде рэпердің өзі болған.
Хабарланғандай, жауап алу барысында өнер иесі есірткіні Қырғызстан астанасы Бішкектен сатып алғанын айтқан. Осы жағдайға байланысты оған қатысты контрабанда бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Оқиғадан кейін Қырғызстанның құзырлы органдары да тексеру бастаған. Атап айтқанда, рэпердің тыйым салынған заттармен мемлекеттік шекарадан қалай өткені анықталып жатыр.
“Тексеру нәтижесінде заңбұзушылықтар анықталған жағдайда, кінәлі лауазымды тұлғаларға қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады”, – деп мәлімдеді Қырғызстанның Шекара қызметі.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Рэперге қатысты түпкілікті сот үкімі шыққаны туралы ақпарат жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін Malim.kz рэпер Navai-ге тағы бір бап бойынша айып тағылуы мүмкін екенін хабарлаған еді.
NAVAI кім?
Navai – әзербайжан текті ресейлік рэпер, әнші әрі әндердің авторы. Оның шын есімі – Наваи Бакиров. Өнер иесі 1995 жылы 2 сәуірде Ресейдің Самара қаласында дүниеге келген. Қазір ол 31 жаста. Балалық шағы Ресей мен Әзербайжанда өткен. Ата-анасы көшпелі хайуанаттар бағында жұмыс істегендіктен, отбасы жиі қоныс аударған. Navai мектеп кезінен музыкаға қызығып, хорда ән айтқан және түрлі өнер байқауларына қатысқан. 2011 жылы “Не врал” атты алғашқы әнін көпшілікке ұсынған.
2016 жылы ол Александр Алиевпен (HammAli) бірігіп, “HammAli & Navai” дуэтін құрды. Екеуінің алғашқы бірлескен туындысы “День в календаре” деп аталады. 2018 жылы жарық көрген “Janavi” альбомы олардың танымал болуына жол ашты. Дуэт “Пустите меня на танцпол”, “Девочка-война”, “Птичка” және басқа да әндерімен тыңдарман ықыласына бөленді. Navai 2020 жылдан бастап жеке шығармашылығын да дамыта бастады. 2025 жылы “HammAli & Navai” дуэті шығармашылық жолдарын бөлек жалғастыратынын жариялады.