Алматы халықаралық әуежайында құрылыс жұмыстары кезінде мердігер ұйымның қызметкері қаза тапты. Осы оқиғаға байланысты Көліктегі полиция департаменті қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды ult.kz.
Департаменттің мәліметінше, іс адам өліміне әкеп соққан еңбекті қорғау қағидаларын бұзу дерегі бойынша тіркелген.
Қазір оқиғаның мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтау үшін қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты әзірге өзге ақпарат жарияланбайды.
Алматы халықаралық әуежайының баспасөз қызметі қайғылы оқиғаның құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан перрон аумағында болғанын хабарлады.
«Оқиға салдарынан құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер ұйымның бір қызметкері мерт болды. Алматы халықаралық әуежайы уәкілетті мемлекеттік органдарға қажетті көмек көрсетіп, жүргізіліп жатқан тергеу аясында олармен өзара іс-қимыл жасайды», – делінген әуежайдың ресми хабарламасында.