Қонаев қаласындағы мектеп-гимназияда 11 жастағы оқушы қайғылы оқиғадан кейін ауруханада көз жұмды. Бала мектептегі үзіліс кезінде баспалдақтан құлап, ауыр жарақат алған, деп хабарлайды ult.kz.
Алматы облысының білім басқармасы әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында тараған ақпаратты растады. Ведомство мәліметінше, оқыс оқиға 16 қараша күні сағат 13:18 шамасында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқушы мектеп ғимаратының үшінші қабатындағы баспалдақпен сырғанамақ болған. Алайда тепе-теңдігін жоғалтып, құлап кеткен. Салдарынан басынан ауыр жарақат алған.
Оқиға орнына жедел жәрдем шақырылып, бала шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер екі тәулік бойы оның өмірін сақтап қалуға күш салған.
"17 қараша күні баланың жағдайына байланысты шұғыл операция жасалды. Алайда медицина мамандарының барлық күш-жігеріне және жүргізілген реанимациялық шараларға қарамастан, 18 қараша күні сағат 10:00-де баланың қайтыс болғаны тіркелді", деп хабарлады облыстық білім басқармасы.
Ведомство өкілдері қайғылы оқиғаға байланысты баланың отбасына көңіл айтып, жақындарына қайғыра ортақтасты.