Қарағанды облысында көлік қағып кеткен 14 жастағы оқушы оқиға орнында көз жұмды. Қайғылы оқиғадан кейін жүргізуші оқиға орнынан кетіп қалған. Ол мұны көлікте отырған үш жастағы немересінің шошып, жылағанымен түсіндірді, деп хабарлайды ult.kz.
КТК арнасынының мәліметінше, оқиға 17 қазанда сағат 21:00 шамасында Петровка ауылында болған. Ангелина Поганько үйіне қайтып бара жатқанда көлік қағып кеткен. Қыз алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.
Марқұмның туыстары жүргізушінің әлі күнге дейін кәсіпкерлікпен айналысып жүргеніне наразы. Қыздың әжесі оның бірден қамауға алынуын талап етеді.
Ал жүргізуші Гүлмира Рахменова оқиға орнынан қашпағанын, жарты сағаттан кейін қайта оралғанын айтады. Сондай-ақ марқұмның отбасымен сөйлескенін, алайда олардың 30 миллион теңге өтемақы талап еткенін жеткізді.
Полиция екі бап бойынша қылмыстық іс қозғаған: абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу және жол апаты орнынан кетіп қалу.
Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Сараптама қорытындысынан кейін жүргізушіге қатысты процессуалдық шешім қабылданады. Кінәсі дәлелденсе, әйел бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.