Қазақстанда 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерде аккаунт ашуға тыйым салу жоспарланып отыр. Бұл норма онлайн-платформалардың қызметін реттейтін мақұлданған заң жобаларына енгізілген, деп хабарлайды ult.kz.
Жаңа талаптар кәмелетке толмаған пайдаланушылармен қатар танымал блогерлерге, онлайн-курс авторларына және эзотерика саласында қызмет көрсететіндерге де қатысты болады.
Әлеуметтік желілерде тағы қандай өзгерістер болады?
- Блогерлер тізілімі жасалады. Уәкілетті орган жазылушылар саны 5 мыңнан асатын онлайн-платформа пайдаланушыларының арнайы тізімін жүргізеді.
- Білім беру контентін жасаушылар дипломын көрсетуге міндеттеледі. Оқу курстары мен білім беру бағытындағы материалдар жариялайтын авторлар өз парақшаларында білімі туралы мәліметті көрсетуі керек. Ол нақты дипломмен немесе сертификатпен расталуы тиіс.
- Эзотерикалық қызметтерге арнайы белгі қойылады. Қазақстан заңнамасында алғаш рет «оккульттік қызметтер» ұғымы ресми түрде бекітілмек. Мұндай мазмұндағы барлық контентке оның тек ойын-сауық мақсатында ұсынылатыны, ғылыми немесе практикалық тұрғыдан дәлелденбегені туралы ескерту орналастыру міндеттеледі.
Осылайша, жаңа заң жобалары қабылданса, Қазақстандағы әлеуметтік желілердің жұмыс тәртібі өзгеріп, пайдаланушылар мен контент авторларына қойылатын талаптар күшейеді.