Қазақтың көрнекті жазушысы Асқар Сүлейменовтің қызы Қаракөз Сүлейменова әкесінің әдебиеттанушы, сыншы Әлия Бөпежановамен қарым-қатынасы туралы сұхбат берді. Janar Baisemiz YouTube арнасына берген сұхбатында ол әкесі мен Әлия Бөпежанованың қалай танысқанын, кейін заңды некеге тұруына не себеп болғанын баяндады, деп хабарлайды ult.kz.
Қаракөз Сүлейменованың айтуынша, Әлия Бөпежанова өзін жазушының жары деп атағанымен, бастапқыда олардың қарым-қатынасы өзгеше болған.
«Әлия Бөпежанова "Мен жазушының зайыбымын, жарымын" дейді ғой, бірақ ақиқатында олай емес. Ол кісіге шәкірт сияқты болып жүретін. Келетін, әңгімесін тыңдайтын, интервьюын алатын. Кейде үйде қонып қалатын», – дейді ол.
Сондай-ақ Қаракөз Сүлейменова Әлия Бөпежанованың әкесінен бала сүйген кезеңін еске алды. Оның сөзінше, жазушы қызы дүниеге келгенде ауруханаға бармаған. Ал баланың туу туралы куәлігін рәсімдеу кезінде тегі мәселесі туындаған.
«Фамилияңызды бересіз бе?» деп сұрағанда, әкем «Беремін» деген. Бірақ бала үш айға дейін туу туралы куәлігін ала алмаған. Кейін Әлия Бөпежанова заңды некеде болмаса, жазушының тегін бере алмайтынын айтқан.
Қаракөздің айтуынша, Асқар Сүлейменов бастапқыда АХАЖ бөліміне баруға құлық танытпаған. Алайда баласына тегін беру үшін ғана заңды некеге тұруға келіскен.
Жазушының қызы бұл оқиғаға қатысты өз көзқарасын да жасырмады. Оның пікірінше, бір шаңырақ астында бір күн де тұрмаған адамдардың некесін растайтын құжаттың өзі ештеңені білдірмейді.
«Бір шаңырақта бір күн тұрмаса, ол ЗАГС мен үшін құр қағаз. Неге дейсіз ғой? Әкем оны алып келіп, әкелмесе де шақырып, басына орамал салыңдар дегені жүз түрлі, мың түрлі ЗАГС-тан артық болатын дүние», – деді Қаракөз Сүлейменова.
Ол сондай-ақ Әлия Бөпежанованың жазушыны қатты сүйгенін, ал әкесінің оған дәл сондай сезіммен қарамағанын айтты. Алайда бұл қарым-қатынастың қалай өрбігенін отбасы мүшелері өз көздерімен көргенін жеткізді.