Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Құрылтайда онлайн-платформалар мен масс-медиаға қатысты заң жобалары қаралды

Құрылтайда онлайн-платформалар мен масс-медиаға қатысты заң жобалары қаралды
Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақстан Республикасының Құрылтайында онлайн-платформалар мен масс-медиа мәселелеріне қатысты заң жобалары бірінші оқылымда қаралды. Олардың негізгі ережелерін Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев таныстырды, деп хабарлайды ult.kz ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрдің айтуынша, медиа кеңістіктегі жаңа сын-қатерлер заңнаманы жетілдіруді қажет етеді. Ұсынылған түзетулер онлайн-платформалардың жауапкершілігін арттыруға, балалардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған.
 
Заң жобаларында онлайн-платформалардың Қазақстанда заңды тұлға ретінде өкілдік ашуы туралы талапты бекіту ұсынылады. Құқыққа қайшы контентті, соның ішінде балаларға қатысты кибербуллинг деп танылған ақпаратты жою жөніндегі нұсқаманы орындамағаны үшін әкімшілік жауаптылық көзделген. 2026 жылдың алғашқы он айындағы мониторинг барысында құқыққа қайшы 128,5 мың материал анықталып, олардың шамамен 70 пайызы жойылған.
 
Сондай-ақ пайдаланушыларды және бес мыңнан астам жазылушысы бар ашық қауымдастықтарды сәйкестендіру тетіктерін енгізу ұсынылады.
 
Балаларды қорғауға ерекше көңіл бөлінген. Заң жобалары 16 жасқа толмаған балалардың онлайн-платформаларға тіркелуіне тыйым салуды және платформаларды пайдаланушылардың жасын тексеруге міндеттеуді көздейді. Бұл шектеу балалардың ата-анасымен, жақындарымен және мұғалімдерімен байланысуына арналған мессенджерлерге қолданылмайды.
 
Аудиовизуалдық қызметтер саласында теле- және радиоарналарды тиісті платформалар арқылы таратуды лицензиялау, сондай-ақ онлайн-кинотеатрларды Қазақстандағы заңды өкілін белгілеуге міндеттеу ұсынылады.
 
Азаматтардың ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау үшін нұқсан келтіретін мәлімет қай жерде жарияланса, оны сол дереккөзде, оның ішінде әлеуметтік желіде теріске шығару көзделген. Бұған қоса, онлайн-платформаларда жала жапқаны, ал масс-медиа мен платформаларда былапыт сөз қолданғаны үшін әкімшілік жауаптылық енгізу және адамның бейнесін келісімінсіз пайдалану шарттарын нақтылау ұсынылады.
Түзетулерде мемлекеттік органдардың ресми жауаптарын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялағанда арнайы белгілеу, сондай-ақ білім беру курстары мен оккульттік қызметтер туралы ақпараттың ашықтығын арттыру қарастырылған.
 
Ұсынылған нормалар мемлекет пен онлайн-платформалар арасындағы өзара іс-қимылды жақсартып, ақпарат кеңістігінде азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейтуге бағытталған. Заң жобаларын іске асыру республикалық бюджеттен қосымша шығынды талап етпейді.