Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

“Енді екеуі де жоқ”: Мұхтар Ниязовтың жазбасы елді жылатты

“Енді екеуі де жоқ”: Мұхтар Ниязовтың жазбасы елді жылатты
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Белгілі айтыскер ақын Мұхтар Ниязов әлеуметтік желідегі парақшасында Әсия Беркенованы еске алып, онымен байланысты естелігін бөлісті, деп хабарлайды ult.kz.

Ақын марқұммен бірге түскен ескі суретін жариялап, оның ерекше мейірімді, бауырмал жан болғанын жазды.

“Тайлақ, келдің бе, сен неге мені құшақтамайсың, сағынбағансың ба, ал мен сендерді күнде сағынамын”. Әсия апайдан ең көп естіген сөзім. Мына суретте де құшақтап түсіппін. Рушыл, жершіл адам емес. Бірақ үйдегі ағамыз ру жағынан менің ағам. “Қарабура атаңның ұрпағысың ғой, сондықтан сені тайлақ деп атаймын” дейтін”, – деп жазды Мұхтар Ниязов.

Айтыскер ақын жазбасында Әсия Беркенова мен Әселхан Қалыбекованың бір жылда, бір күнде дүниеге келгенін де атап өтті. Ол екі ақынның да өмірден өткеніне қынжылысын білдірді.

“Әселхан апай екеуі дүниеге бір жылда, бір күнде келген. Енді екеуі де жоқ. Қостанайға тек тойға баратын едік. Өткенде Салтанат, енді Әсия апай. Қостанайға ғана емес, тұтас халыққа көңіл айтатын қаза осы шығар. “Халық ақыны” деп таныстырғанда ерекше нұрланып кететін еді ғой. Иманыңыз жолдас болсын, апай!” – деді ол.

Ақынның жазбасына өнер өкілдері де пікір қалдырған. Атап айтқанда, әнші Еркін Нұржанов “Алла алдынан жарылқасын” деп көңіл айтты.

Айта кетейік, 

Мұхтар Ниязов кім? 
 

Мұхтар Мәуленұлы Ниязов – белгілі қазақстандық айтыскер ақын, үш дүркін "Алтын домбыра" иегері, Қызылорда қаласының құрметті азаматы.

1985 жылы 4 қарашада Қызылорда облысының Жалағаш ауданында дүниеге келген. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін тәмамдаған. Кейін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде магистр дәрежесін алған.

Ол республикалық және халықаралық айтыстарда бірнеше рет бас жүлде жеңіп алған. Мәдениет саласында түрлі қызмет атқарып, 2022 жылы Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының директоры болып тағайындалған.