Павлодар облысында интернет-алаяқтық схемасына қатысы бар деген күдікпен 33 адам ұсталды. Олардың арасында үш жасөспірім бар, деп хабарлайды ult.kz.
Тінту кезінде 120-дан астам мобильді құрылғы, 500 SIM-карта, 39 банк картасы және екі SIM-box құрылғысы тәркіленді.
Полиция мәліметінше, күдіктілер азаматтардың ақшасын заңсыз иемдену үшін ақпараттық технологияларды пайдаланып, алдын ала келісілген схема бойынша әрекет еткен.
«Тергеу барысында тоғыз жәбірленуші анықталды. Келтірілген шығын көлемі шамамен 40 миллион теңгені құрайды», – деді Павлодар облысы ПД ҰҚҚКБ бастығы Ғабит Қабдрахманов.
Сондай-ақ SIM-карталарды заңсыз іске қосуға және ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыруға қатысы бар адамдар ұсталған. Қазір әр күдіктінің рөлі мен басқа да қылмыстарға қатысы тексеріліп жатыр. Жәбірленушілер саны артуы мүмкін.
Айта кетейік, биыл өңірде интернет-алаяқтықтың 1 337 дерегі тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 31 пайызға аз.