Шымкентте Ұлттық мәдениет және өнер университеті құрылатын болды. Жаңа жоғары оқу орны Үкімет қаулысымен республикалық мемлекеттік мекеме ретінде ашылады, деп хабарлайды ult.kz.
2026 жылғы 16 қарашадағы қаулыға сәйкес, университет Мәдениет және ақпарат министрлігінің қарамағында болады. Аталған министрлік оқу орнының қызметін басқаруға жауапты уәкілетті орган болып белгіленді.
Сонымен қатар жаңа университет жекешелендіруге жатпайтын жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының тізіміне енгізілді.
Қаулыны жүзеге асыру үшін Мәдениет және ақпарат министрлігіне Ғылым және жоғары білім министрлігімен, сондай-ақ Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетімен бірлесіп, қажетті ұйымдастыру шараларын қабылдау тапсырылған.
Үкімет қаулысы 2026 жылғы 16 қарашада күшіне енді.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкентті Қазақстанның оңтүстігіндегі ғылым және білім беру орталығына айналдыру жоспарланып отырғаны хабарланған еді.