Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Петропавлда жиһазға тапсырыс берген 24 адам алаяқтықтың құрбаны болды

Петропавлда жиһазға тапсырыс берген 24 адам алаяқтықтың құрбаны болды
Ашық дереккөздерден

Петропавлда жиһаз жасап, жеткізуге уәде беріп, клиенттердің ақшасын иемденді деген күдікпен 35 жастағы әйел ұсталды. Кәсіпорынның әрекетінен келтірілген шығын 15 миллион теңгеге жуықтаған, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz мәліметінше, полицияға бірнеше қала тұрғыны арызданған. Олардың айтуынша, әлеуметтік желідегі жарнама арқылы жиһаз құрастыру және жеткізу қызметін ұсынатын серіктестікке тапсырыс берген. Алайда ақшасын алдын ала төлегенімен, уәде етілген тауарды ала алмаған.

Тергеу деректеріне сәйкес, 2025 жылдан бері кәсіпорын клиенттер алдындағы міндеттемелерін орындамаған. Қазіргі уақытта осы іске қатысты 24 алаяқтық дерегі тіркелген.

Полицейлер серіктестіктің басқарушысы клиенттерден төлем қабылдағанымен, тапсырыс берілген жиһазды жеткізушілерден сатып алуға өтінім жібермегенін анықтады. Бүгінде серіктестік иесі, басқарушысы және бір қызметкері күдікті деп танылған. Құқық қорғау органдары өзге де зардап шеккен азаматтарды анықтап жатыр.

– Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын және басқа да ықтимал жәбірленушілерді анықтауды жалғастырып жатыр. Әрбір өтінішке құқықтық баға беріледі, – деді Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әлібек Құжахметов.

Ірі мөлшерде бірнеше рет алаяқтық жасағаны дәлелденсе, күдіктіге келтірілген залалдың үш еселенген мөлшеріне дейін айыппұл салу, үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қолданылуы мүмкін.

Осыған байланысты полиция азаматтарға сатушының немесе қызмет көрсетушінің сенімділігіне көз жеткізбей тұрып, алдын ала төлем жасамауға кеңес береді.