Атырауда 13 жастағы қызға пышақпен шабуыл жасаған 16 жастағы оқушы 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда сот процесінде жасөспірімнің қайғылы оқиғаға дейін бірнеше рет көмек сұрағаны, сыныптастары тарапынан мазаққа ұшырағаны және бұл жағдайдан ересектердің хабардар болғаны белгілі болды. Соған қарамастан, қылмыстың алдын алу мүмкін болмаған, деп хабарлайды ult.kz.
Halyqstan арнасының мәліметінге, оқиға 2026 жылғы 13 наурызда Дінмұхамед Қонаев атындағы BINOM мектебінде болған. Тоғызыншы сынып оқушысы өзіне бұрын таныс болмаған 13 жастағы қызға пышақпен шабуыл жасаған. Жәбірленуші денесінің бес жерінен жарақат алып, шұғыл ота жасатқан. Дәрігерлердің арқасында аман қалған.
6 қарашада алқабилердің қатысуымен өткен сот отырысында жасөспірім кәмелетке толмаған баланы өлтіруге оқталғаны үшін кінәлі деп танылды.
Сот барысында шабуыл жасаған оқушының бұған дейін де мектеп психологына жүгінгені анықталды. 2025 жылдың қазан айында ол сыныптастарының өзін келемеждейтінін айтып, көмек сұраған. Тергеу кезінде оның есімін бұрмалау, ұлты мен сыртқы келбетіне қатысты кемсіту сөздерін айту деректері расталған. Дегенмен жүйелі түрде ұрып-соғу және қорлау фактілері дәлелденбеген.
Бұған дейін сотталған жасөспірімнің анасы ұлының екі жылға жуық уақыт бойы буллингке ұшырағанын мәлімдеген. Оның айтуынша, кейбір мұғалімдер оқушылардың мазағын тоқтатудың орнына, өздері де баланы келемеждеген. Қаңтар айынан бастап жасөспірім күн сайын дерлік ішінің ауыратынын айтып, сабаққа кешіге бастаған. Отбасы оны басқа мектепке ауыстыруды да қарастырған.
Алайда оқиғадан кейін BINOM мектебінің әкімшілігі оқу орнында буллинг белгілері анықталмағанын мәлімдеген.
Жасөспірімнің мінез-құлқына қатысты алаңдатарлық жайттар мұнымен шектелмейді. Қылмысқа бір ай қалғанда, ақпан айында ҰҚК қызметкерлері оның интернеттегі парақшаларынан діни-экстремистік сипаттағы материалдарды анықтаған. Осыдан кейін онымен теологтың қатысуымен түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Тергеу мәліметінше, оқушы шабуылды алдын ала жоспарлап, өз ниеті туралы жазбалар да қалдырған.
Осы деректер жасөспірімнің айналасындағыларға оның жағдайы мен мінез-құлқына қатысты бірнеше рет дабыл берілгенін көрсетеді. Бірақ бұл белгілер қайғылы оқиғаның алдын алуға жеткіліксіз болған.
Шабуылдан кейін BINOM мектебіне Астанадан арнайы комиссия келіп, ішкі тексеру жүргізген. Алайда тексеру қорытындысы көпшілікке жарияланбаған. Педагогтер мен мектеп әкімшілігінің әрекетінен заңбұзушылық анықталды ма, жауапты тұлғаларға қандай да бір тәртіптік шара қолданылды ма – әзірге белгісіз.
Сот процесінің қорытындысы бойынша судья қылмысқа ықпал еткен мән-жайларға байланысты Оқу-ағарту министрі мен Атырау облысының прокурорының атына жеке қаулы шығарған.
Енді министрлік пен облыстық прокуратура жасөспірімнің мәселесінен алдын ала хабардар болған ересектердің әрекетіне құқықтық баға беріп, қабылданған шаралар туралы сотқа хабарлауы тиіс. Осы тексерулерден кейін ғана мектеп мұғалімдері мен әкімшілігі тарапынан олқылықтарға жол берілген-берілмегені және буллингтің алдын алу тетіктері не себепті уақытында іске қосылмағаны белгілі болмақ.
Айта кетейік, бұған дейін, 2026 жылғы 5 ақпанда Атырау облысының Құлсары қаласындағы №6 мектепте оқушы қолына балта ұстап, сыныптастарын қуған еді. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде тараған. Кейін жасөспірімнің анасы ұлының бұған дейін қатарластарынан қысым көргенін және басқа мектепке ауысқысы келгенін айтқан. Қазіргі уақытта бұл оқиға бойынша да тергеу жүргізіліп жатыр.