Адвокат Мейірман Шекеев қоғам қайраткері, ақын Мұхтар Шахановтың 40 күндік асына қатысып, оның ұлт мүддесі жолындағы күресі туралы естелігімен бөлісті, деп хабарлайды ult.kz.
Шекеевтің айтуынша, көпшілік Мұхтар Шахановты ақын, композитор және қоғам белсендісі ретінде танығанымен, оның басты мақсаты қазақ халқының мүддесіне қызмет ету болған.
Адвокаттың сөзінше, Мұхтар Шахановтың жары Ханшайым апайдың айтуы бойынша, ол бір сапарында Мәскеуде сырқаттанып, Кремль ауруханасына жату туралы ұсыныс алған. Алайда белгісіз адам телефон арқылы ескерту жасап, ол ауруханаға жатса, аман шығуы екіталай екенін айтқан. Осыдан кейін Мұхтар Шаханов Қазақстанға шұғыл оралып, қауіптен құтылған көрінеді.
Мейірман Шекеев тағы бір оқиғаны баяндап, Мұхтар Шаханов Алматыдағы №7 ауруханада жатқан кезінде түнде перде артында пышақ ұстаған бейнені көрген көрінеді. Оның пікірінше, осы секілді оқиғалар кейін Мұхтар Шахановтың Қырғызстанға елші болып қызмет атқаруына әсер еткен.
Шекеевтің пікірінше, Мұхтар Шаханов қандай қысым көрсе де, ұлттық мүдде жолындағы ұстанымынан ешқашан айнымаған.
«Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде бекітілуі жолында Мұхтар ағаның еңбегі зор болды. Ол өз көзқарасын ашық айтып, ұлт мүддесін қорғауда батылдық танытты», – деді адвокат.