Каспийдегі қайғылы жағдайға қатысты ұсталған Данияр Хайрушевтің әйелі мәлімдеме жасады

Каспийдегі қайғылы жағдайға қатысты ұсталған Данияр Хайрушевтің әйелі мәлімдеме жасады
Фото: әлеуметтік желі

Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін ұсталған Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары Данияр Хайрушевтің әйелі әлеуметтік желіде мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ult.kz.

Ол тергеу аяқталмай тұрып күйеуін кінәлі деп атауға болмайтынын айтып, істі әділ әрі объективті қарауды сұрады.

«Менің күйеуім кінәлі емес. Ол бүкіл өмірін Отанға қызмет етуге арнады және осы жылдар бойы өз міндетін абыроймен атқарды. Оны біреудің сөзі мен жорамалдарына сүйеніп айыптамай, алдымен өз уәжін айтуға мүмкіндік беру керек.

Мен ерекше қарым-қатынас сұрамаймын. Тек әділ әрі объективті тергеу жүргізілуін қалаймын. Егер оған қатысты қандай да бір талап немесе айып болса, ол нақты айтылып, фактілермен расталуы керек.

Барлық мән-жай анықталғанға дейін асығыс қорытынды жасамауды, оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірмеуді және оны кінәлі деп атамауды сұраймын. Біз ашық әңгімеге дайынбыз, бірақ ол құрмет пен заң талаптары аясында жүргізілуі керек», – деп жазды ол.

Бұған дейін Қорғаныс министрлігі Данияр Хайрушевтің ұсталғанын растаған болатын. Ол Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы жағдайға қатысты тергеліп жатқан қылмыстық іс бойынша күдіктілердің бірі.

Айта кетейік, Данияр Хайрушев биыл мамыр айында әскердің жоғары жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз етуге қосқан үлесі мен қызметтегі жетістіктері үшін Бауыржан Момышұлы атындағы II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.

Айта кетейік, бұған дейін Хайрушевтің қызы да ел алдына шыққан болатын. 

https://www.threads.com/share/BCL7g4IJEe/

Тағы кім ұсталды? 
 

Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезіндегі қайғылы оқиғаға байланысты бес әскери қызметші ұсталды.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ұсталғандар қатарында Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, теңіз жаяу әскерлері ротасының және «Қайсар» катерінің командирі бар.

Олардың барлығына қызметке салғырт қарау және ауыр зардаптарға әкеп соққан кеме жүргізу қағидаларын бұзу бойынша күдік келтіріліп отыр. Күдіктілер Ақтау қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазір әскери-тергеу бөлімшесі сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Тергеу барысында оқу-жаттығуды ұйымдастыру, қауіпсіздік талаптарының сақталуы, ауа райы жағдайының ескерілуі және жауапты лауазымды тұлғалардың әрекеттері тексерілуде. 

Сондай-ақ,  Маңғыстау облысындағы Каспий теңізінде болған қайғылы оқиғаға қатысты жалған ақпарат таратқан бірқатар адам жауапқа тартылды. 
Орталық коммуникациялар қызметі жанындағы Дезинформацияға қарсы күрес орталығы әлеуметтік желілерде Каспийдегі трагедияға қатысты расталмаған ақпараттардың таралуы жалғасып жатқанын мәлімдеді.

Еске салайық, әскери оқу-жаттығу кезінде Каспий теңізінде 14 әскери қызметші қаза тауып, тағы үшеуі құтқарылған болатын.

Орталықтың мәліметінше, әлеуметтік желілерде оқиғаға қатысы жоқ архивтік видеолар, басқа елдерде түсірілген материалдар, жасанды интеллект көмегімен жасалған контент және оқиғаның себептеріне қатысты расталмаған нұсқалар тараған. Сондай-ақ мамандар жаңадан ашылған анонимді аккаунттар мен үйлестірілген әрекет белгілері бар жазбаларды анықтаған.