Қазақстанда Маңғыстау облысындағы Каспий теңізінде болған қайғылы оқиғаға қатысты жалған ақпарат таратқан бірқатар адам жауапқа тартылды, деп хабарлайды ult.kz.
Орталық коммуникациялар қызметі жанындағы Дезинформацияға қарсы күрес орталығы әлеуметтік желілерде Каспийдегі трагедияға қатысты расталмаған ақпараттардың таралуы жалғасып жатқанын мәлімдеді.
Еске салайық, әскери оқу-жаттығу кезінде Каспий теңізінде 14 әскери қызметші қаза тауып, тағы үшеуі құтқарылған болатын.
Орталықтың мәліметінше, әлеуметтік желілерде оқиғаға қатысы жоқ архивтік видеолар, басқа елдерде түсірілген материалдар, жасанды интеллект көмегімен жасалған контент және оқиғаның себептеріне қатысты расталмаған нұсқалар тараған. Сондай-ақ мамандар жаңадан ашылған анонимді аккаунттар мен үйлестірілген әрекет белгілері бар жазбаларды анықтаған.
Тараған ақпараттардың бірі қаза тапқандардың нақты саны жасырылып жатыр деген нұсқаға қатысты болды. Орталық бұл мәліметті жоққа шығарып, іздеу жұмыстары барысында ресми деректердің өзгеріп отырғанын, ал операция қорытындысында қаза тапқан әскери қызметшілер саны 14 адам болғанын хабарлады.
Әлеуметтік желілерде әскери қызметшілерді тікұшақтан десант түсірген деген ақпарат та тараған. Орталықтың мәліметінше, тергеу материалдарында әскери қызметшілердің катермен тапсырма орындағаны көрсетілген. Ал оқу-жаттығуды ұйымдастыру, қауіпсіздік шараларының сақталуы және лауазымды тұлғалардың әрекетіне қатысты түпкілікті қорытындыны тергеу анықтайды.
Сонымен қатар қаза тапқан әскери қызметшілердің командирі мас күйінде болған деген ақпарат тараған. Орталық мұндай мәлімдемені растайтын негіз жарияланбағанын атап өтті. Командирдің өзі де әскери қызметшілермен бірге қаза тапқан.
Орталық әлеуметтік желілерде тараған екі видеоны да тексерген. Оның бірінде қайтыс болған адамның денесін тасымалдау көрінісі бейнеленген. Бұл видео Каспийдегі қайғылы оқиғадан бұрын, тамыз айында интернетте жарияланған. Ал траур күндері Каспий жағалауында түсірілген деген екінші видео шын мәнінде Марокконың Танжер қаласында түсірілген.
Сондай-ақ трагедияның мән-жайы тергелмей жатыр деген ақпарат та шындыққа сәйкес келмейтіні айтылды. Оқиғадан кейін Үкіметтік комиссия құрылып, қылмыстық істер қозғалды. Бұдан бөлек, Президенттің өкімімен Қорғаныс министрлігінің қызметіне кешенді тексеру жүргізу жөніндегі комиссия жасақталды.
Орталықтың хабарлауынша, Маңғыстаудағы оқиғаға қатысты жалған ақпарат таратқаны үшін құқық қорғау органдары бірқатар адамды жауапқа тартқан.
Ведомство азаматтарды расталмаған ақпаратты таратпауға шақырды. Жалған ақпарат таратқаны үшін Қылмыстық кодекстің 274-бабында жауапкершілік қарастырылған. Масс-медиа, телекоммуникация желілері немесе онлайн-платформалар арқылы көрінеу жалған ақпарат таратқан жағдайда үш жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы көзделген. Ал мұндай әрекет ірі залалға немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса, жаза бес жылға дейін бас бостандығынан айыруды қамтуы мүмкін.