Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметшінің қаза болуына байланысты ұсталған Қазақстан Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары Данияр Хайрушевтің қызы әлеуметтік желі арқылы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ult.kz.
Ол қаза тапқан әскери қызметшілердің жақындарына көңіл айтып, қайғылы жағдайға байланысты кешірім сұрады. Сонымен қатар тергеу аяқталмай тұрып нақты бір адамды кінәлі деп тануға асықпауға шақырды.
Хайрушевтің қызы Threads желісіндегі парақшасында әкесінің қазіргі уақытта қамауда отырғанын жазған.
«Мен мұны ұзақ уақыт жазуға батылым бармады. Бірақ қазір әлеуметтік желі қолданушысы ретінде емес, қызы ретінде жазып отырмын. Мен Ақтаудағы әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиғадан кейін ұсталған әскери қызметшінің қызымын», – деп жазды ол.
Оның сөзінше, ең алдымен қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көңіл айту маңызды.
«Қайғыңызға ортақпын. Сіздердің бастарыңызға түскен жағдай үшін кешірім сұраймын. Ешбір сөз сіздердің қайғыларыңызды жеңілдете алмайды», – деді ол.
Сонымен бірге ол тергеу нәтижесі шықпай тұрып, әкесін оқиғаға толық кінәлі ретінде көрсетпеуді сұрады.
«Әкемді “құрбандыққа” шалмаңыздар. Тергеу аяқталғанша асығыс қорытынды жасамауға шақырамын», – деді ол.
Бұған дейін Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметші қаза тапқаны хабарланған болатын. Осы оқиғаға байланысты бірқатар әскери лауазымды тұлға ұсталып, тергеу жүріп жатыр.

https://www.threads.com/share/BAWHuEzwbz/
Тоқаев Қорғаныс министрлігін тексеретін комиссия құрды
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйін кешенді тексеру жөніндегі комиссия құру туралы өкімге қол қойды.
Комиссия Қорғаныс министрлігінің жұмысын, соның ішінде әскери құрылымдардың қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін тексереді.
Комиссия құрамына 9 лауазымды тұлға кірді. Оған Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева жетекшілік етеді.
Комиссия төрағасының орынбасары болып Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов тағайындалды.
Комиссия құрамында:
Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Ержан Жиенбаев;
Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов;
Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының басшысы Мұрат Баймұқашев;
Қаржы министрі Мәди Тәкиев;
Бас прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев;
ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары Әли Алтынбаев;
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин бар.
Комиссияның қорытындысы бойынша Қорғаныс министрлігіндегі жағдайға қатысты тиісті шешімдер қабылдануы мүмкін.