Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйіне кешенді тексеру жүргізу жөніндегі комиссия құру туралы өкімге қол қойды, деп хабарлайды ult.kz.
Комиссияның негізгі міндеті – Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды, оның ішінде әскери құрылымдарды қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету саласын тексеру.
Комиссия құрамына 9 лауазымды тұлға кірді. Оны Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева басқарады. Төрағаның орынбасары болып Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов тағайындалды.
Комиссия құрамында сондай-ақ Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Ержан Жиенбаев, Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов, Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының Басшысы Мұрат Баймұқашев, Қаржы министрі Мәди Тәкиев, Бас Прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев, ҰҚК Төрағасының бірінші орынбасары Әли Алтынбаев және Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин бар.
Комиссия жүргізілген жұмыстың алғашқы нәтижелері туралы жеті күн ішінде баяндауы тиіс.
Өкім қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізілді.