Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты Қорғаныс министрлігі жүйесінің бес лауазымды тұлғасы ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.
Ұсталғандар қызметке салғырт қарау және кеме жүргізу қағидаларын бұзу бойынша күдікке ілінген.
Олардың қатарында:
- ҚР Қарулы күштері Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы;
- екі әскери бөлімнің командирі;
- теңіз жаяу әскерлері ротасының командирі;
- «Қайсар» катерінің командирі бар.
Барлығы күдікті деп танылып, Ақтау қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу бөлімшесі сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. Қылмыстық іс қызметке салғырт қарау және кеме жүргізу қағидаларын бұзу баптары бойынша тергелуде.
Тергеу барысында оқу-жауынгерлік міндетті ұйымдастыру және орындау кезінде шешімдердің қалай қабылданғаны, қауіпсіздік талаптарының сақталуы, ауа райы жағдайының ескерілуі, катердің техникалық жай-күйі және әскери қызметшілердің қауіпсіздігіне жауапты тұлғалардың әрекеттері тексеріліп жатыр.
Еске салайық, 24 қыркүйекте «Хазар Қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы кезінде «Қайсар» катерінен жеке құрамды түсіру барысында ауа райы қолайсыз болып, әскери қызметшілерді теңіз ағысы алып кеткен. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, арнайы комиссия құрылды.
Тергеу жалғасып жатыр. Іске қатысы бар өзге де тұлғалардың шеңбері анықталуда. Күдіктілердің әрқайсысының әрекетіне заңда белгіленген тәртіппен құқықтық баға беріледі.