Журналист Санжар Керімбайдың кітабындағы мәліметке шүйлікті

Журналист Санжар Керімбайдың кітабындағы мәліметке шүйлікті
Коллаж: ult.kz

Журналист Ардақ Құлтай тікелей эфирде Санжар Керімбайға хабарласып, қоғам белсендісінің кітабындағы жазбаны талқылады, деп хабарлайды ult.kz.

Ардақ Құлтай Санжар Керімбайдың кітабындағы «сүйінші сұрау, тілек айту рәсімдері Пайғамбардан келген» деген мағынадағы мәтінге шүйлікті. Кітапта былай жазылған: 

«22-бетте:

«Сахаба көрген түсін пайғамбарға айтып береді. Сонда пайғамбар: “Бұдан былай келген қуанышты сүйіншілендер, сүйінші сұраған кісіні құр қол қайтармандар. Шамаларың жетсе сыйлық беріңдер”, – депті.»

23-бетте:

«…Мәуліт жырында жиі айтылатын бұл сюжет қазақ арасына тарап, пайғамбардың сүндетіне айналды. Жаңа туған нәрестеге көрімдік беру, құтты болсын айтып, сүйінші сұрау, тілек айту рәсімдері қазақ дәстүрінің бір бөлшегін құрыпты».

Санжар Керімбай бұл жерде арабтың емес, Пайғамбардың қатысы барын айтты. Журналист іле-шала Пайғамбардың ұлтын сұрады. Санжар Керімбай Пайғамбарға ұлт берілмейтінін айтқанда, журналист бұл туралы ақпарат Құранда жазылғанын нақтылады. 

Ардақ Құлтай жазушыдан «бұл жазылған ақпаратты сахих хадистермен нақтылай аласыз ба?», - деп сұрады. 

«Бұның сахих хадиске қатысы жоқ. Бұл халықтық ислам деп аталады. Бұл ауыз әдебиетіне жақын болады», - деді Санжар Керімбай. 

Журналист артынша «сонда бұл қиялдан туған әңгіме ме?» дегенде Санжар Керімбай «иә» деп жауап қатты. 

Журналист Санжан Керімбайға бұл дәлелсіз ақпараттарды ел-елді аралап адамдарға таратып жүргені орынсыз екенін ескертті.