Пәтерді жинауға келгендер ескі диваннан адам мәйітін тапты

Пәтерді жинауға келгендер ескі диваннан адам мәйітін тапты
Фото: freepik

АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында тазалық жұмыстарын жүргізуге келген қызметкерлер пәтердегі ескі диванның үстінен адамның қаңқаланып кеткен мәйітін тапты, деп хабарлайды ult.kz.

Оқиға Бруклиннің Краун-Хайтс ауданындағы әлеуметтік тұрғын үй кешенінде болған. Тергеу мәліметінше, тазалық бригадасы пәтерді жинауға келген кезде диванның үстіне үйілген киім-кешек пен түрлі қоқыстың астынан адамның сүйекке айналған денесін анықтаған. Қызметкерлер бірден полиция шақырған. 

Полицияның мәліметінше, мәйіттің қатты ыдырап кеткені соншалық, әзірге оның кім екені анықталмаған. Сондай-ақ сот-медициналық сарапшылар өлімнің нақты себебін де бірден анықтай алмады. 

Осы іске байланысты 53 жастағы Хосе Ривера ұсталып, оған адамның мәйітін жасырды деген айып тағылды. Тергеушілердің айтуынша, пәтерді тазалауға келген қызметкерлерді ер адам бастапқыда ішке кіргізгісі келмеген. Бұған дейін көршілер де пәтерден жағымсыз иіс шығып тұрғанын бірнеше рет хабарлаған.

Қазіргі уақытта полиция марқұмның жеке басын анықтап, оның қалай көз жұмғанын және мәйіттің пәтерде қанша уақыт жатқанын анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.