Өзбекстанда 5 жастағы қызды балабақша қызметкері зорлаған

Өзбекстанда 5 жастағы қызды балабақша қызметкері зорлаған
Коллаж: видеодан кадр

Өзбекстанның Наманган облысында мемлекеттік балабақшада 5 жастағы қызға жыныстық зорлық жасалды деген күдікпен 52 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.

Оқиға Үшқорған ауданындағы балабақшалардың бірінде болған. Күдікті аталған мекемеде шаруашылық меңгерушісі болып жұмыс істеген. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, қызға қатысты жыныстық зорлық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. 

Күдікті процессуалдық тәртіппен ұсталып, қамауға алынған. Іс Өзбекстан Қылмыстық кодексінің 118-бабы 4-бөлігі және 112-бабы 1-бөлігі бойынша тергеліп жатыр. Қазір бастапқы тергеу амалдары жүргізілуде. 

Баланың медициналық және гинекологиялық сараптамадан өткені хабарланды. Өзбекстанның Балалар омбудсмені істің тергелуін бақылауына алған. 

Баланың анасы не дейді? 

Баланың анасы БАҚ-қа берген сұхбатында қызының балабақшаны көрген кезде қорқатын болғанын айтқан. Сондай-ақ әйел күдіктінің баласына сыйлықтар алып беруге уәде етіп, болған жағдайды ешкімге айтпауын сұрағанын жеткізді. Бұл мәліметтер анасының сөзіне негізделген және тергеу барысында тексеріліп жатыр.

Оқиғадан кейін Өзбекстанның Мектепке дейінгі және мектептік білім министрлігі мемлекеттік балабақшалардағы қызметкерлерді тексеруді бастағаны хабарланды. 

Өзбекстанда өлім жазасын қайтару ұсынылды

Өзбекстан Президенті Әкімшілігінің басшысы Саида Мирзиёева Наманган облысында бес жасар қызға қатысты болған зорлық-зомбылықтан кейін балаларға қарсы ауыр қылмыстар үшін жазаны барынша қатаңдатуды ұсынды.

Ол Намангандағы қайғылы жағдай туралы естігенде «шын мәнінде ашуланғанын» айтты. Мирзиёеваның пікірінше, мұндай аса ауыр қылмыстар үшін өлім жазасы қолданылуы керек.

Алайда қазіргі Өзбекстан заңнамасында өлім жазасы қарастырылмаған. Осыған байланысты билік қылмыстық жауапкершілікті барынша күшейту үшін заңнамаға өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар дайындап жатыр.

Мирзиёева тиісті органдарға қажетті тапсырмалар берілгенін айтып, қылмысқа қатысы бар адам заң аясындағы ең қатаң жазаға тартылатынын жеткізді.

Сонымен қатар баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген және немқұрайдылық танытқан жауапты тұлғалардың да жазаланатынын мәлімдеді.