Freedom Inside '26

«Кешіре ме, кешірмей ме білмеймін»: 32 жыл бұрын зорланып, сәби сүйген әйел барлық шындықты жайып салды

«Кешіре ме, кешірмей ме білмеймін»: 32 жыл бұрын зорланып, сәби сүйген әйел барлық шындықты жайып салды
Фото: видеодан кадр

Наташа Қалымбетова Qasqajol YouTube арнасына алғаш рет көлемді сұхбат берді, деп хабарлайды ult.kz MadeniPortal.kz сайтына сілтеп. 

Ол сұхбат барысында басынан өткен қорқынышты күндер туралы айтты. Ол осыдан 2 ай бұрын әлеуметтік желіге басынан өткен оқиғаны баяндаған. Видео әлеуметтік желіде кең таралып, 1 күнге жетпей миллион қаралым жиған. Сол күні кешке Астана қаласынан ІІМ адамдары хабарласып, іс қозғалғанын, елге оралу керегін айтады. 

«Жүрегі бар, жаны бар, қазақпын, намысым бар, ермін деген адам мұндай әрекетке бармайды. Бұл жануарлардың ісі. Мен өзімді емес, қызымды аяп жылаймын. Кішкентай сәби жексұрындардың кесірінен өмірге келді», - дейді келіншек.

Наташа Қалымбетова қызын балалар үйіне тапсырғанын айтты. Бірақ балалар үйінде балаларға қалай қарайтыны есіне түссе жүрегі ауыратынын жеткізді.

«Менің қызым 31-де. Мені кешіре ме, кешірмей ме, білмеймін. Бірақ оған айтқым келетіні, бұл жағдай екеуміздің кінәміз емес. 

Айта кетейік, бұл оқиға 1994 жылы болған. Сол кезде 17 жаста болған Наташа Қалымбетова туған ауылында болған зорлықтан кейін өмірінің күрт өзгергенін айтады. Оқиғадан кейін ол жүкті екенін біліп, Орал қаласына қоныс аударады. Онда педколледжге оқуға түседі. Алайда оқу орны тарапынан да, айналасындағы адамдардан да толыққанды қолдау көрмеген.

Кейін ол дені сау қыз бала дүниеге әкеледі. Босанғаннан кейін оған баладан бас тартуға қатысты құжат ұсынылғаны айтылады. Бірақ бірнеше күн бойы сәбиімен бірге болған ана оған қатты бауыр басып қалған. Әйелдің айтуынша, ол кейін үш жыл бойы нәрестелер үйіне барып, қызын Анжелика есімімен көріп жүрген.