Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза болған 14 әскери қызметшінің арасында болған оқиғадан аман қалған үш адамның бірі – Никита Удалов. Оның ағасы әлеуметтік желіде отбасы атынан үндеу жасап, Никитаның қазіргі жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды ult.kz.
Оның сөзінше, Никита қайғылы жағдай кезінде өзі бағдар алып, жағаға дейін жетіп, аман қалған.
«Никита өз өмірін өзі сақтап қалды. Қайғылы жағдай кезінде ол жағдайды тез бағдарлап, жағаға дейін жетіп, аман қалды. Қазір көпшілік оның қалай аман қалғанын, нақты не болғанын білгісі келеді. Алайда әзірге Никита бұл туралы айтуға дайын емес», – деп жазды ағасы.
Ол Никитаның қазір болған жағдай туралы көпшілікке айтып, сұхбат беруге дайын еместігін атап өтті.
«Ол бір күнде ұмыту мүмкін емес жағдайды бастан өткерді. Қазір ол көпшілік алдына шыққысы келмейді, сұхбат беруге де, болған оқиғаның егжей-тегжейін айтуға да дайын емес. Осыны құрметтеулеріңізді өтінеміз», – делінген үндеуде.
Никитаның ағасы әлеуметтік желі қолданушыларынан оның атынан түрлі ақпарат таратпауды және тексерілмеген мәліметтерге сенбеуді сұрады.
«Өтінеміз, оның атынан түрлі оқиға ойлап шығармаңыздар. Тексерілмеген ақпаратты таратпаңыздар. Оның басынан өткен жағдайды сенсацияға айналдырмаңыздар», – деді ол.
Сондай-ақ отбасы үшін қазір ең маңыздысы – Никитаның өз-өзіне келуі екенін жеткізді.
Каспийдегі қайғылы оқиғадан аман қалған үш сарбаз туралы не белгілі?
24 қыркүйекте Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде қайғылы жағдай болып, 14 әскери қызметші қаза тапты. Оқиғадан үш сарбаз аман қалды.
Бекет Қуандық – Атырау облысының тумасы
Атырау облысы Махамбет ауданының тұрғыны Бекет Қуандық әскери қызметке 2025 жылы аттанған.
Туыстарының айтуынша, теңіз ағысы әскери қызметшілерді алып кеткен кезде Бекет жағаға өз күшімен жүзіп шыққан. Ол ауруханаға жатқызылмаған, қазір өзін жақсы сезінеді және өздігінен жүріп-тұра алады. Қазір оған психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.
Ақжол Темірхан – Маңғыстау облысының тумасы
Екінші аман қалған әскери қызметші – Маңғыстау облысының тұрғыны Ақжол Темірхан.
Ол оқиғадан кейін ауыр жағдайда ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылған. Келесі күні есін жиып, жағдайы тұрақтанған. Қазір дәрігерлердің бақылауында.
Никита Удалов – Орал қаласының тумасы
Үшінші аман қалған әскери қызметші – Батыс Қазақстан облысының тумасы Никита Удалов.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, оның жағдайы жақсы және дәрігерлердің бақылауында. Никитаның туыстары да оның өміріне қауіп жоқ екенін хабарлаған.
Никитаның ағасы кейін отбасы атынан үндеу жасап, сарбаздың қазір сұхбат беруге және болған жағдайды егжей-тегжейлі айтуға дайын емес екенін жеткізді. Отбасы жұртшылықтан оның жеке кеңістігін құрметтеуді және тексерілмеген ақпарат таратпауды сұрады.
Осылайша, 24 қыркүйектегі қайғылы оқиғадан кейін 17 әскери қызметшінің үшеуі аман қалып, 14-і қаза тапты. Қайғылы жағдайға қатысты тергеу жалғасып жатыр.