Маңғыстау облысында болған қайғылы оқиғадан аман қалған 19 жастағы Бекет Қуандықтың анасы ұлының қазіргі жағдайы туралы айтып берді. Қарлығаш Мырзағалиеваның сөзінше, сарбаз ауруханаға жатқызылмаған, қазір өзін жақсы сезініп жүр, деп хабарлайды ult.kz.
Бұған дейін Бекеттің ауруханаға жеткізілгені туралы ақпарат тараған. Алайда оқиғадан кейінгі алғашқы сағаттарда нақты мәлімет аз болғандықтан, оның туыстары да сарбаз ауруханаға түсті деп ойлаған. Отбасы Ақтауға келген соң ғана Бекеттің ауруханаға жатпағанын білген.
«Құдайға шүкір, ұлым тірі. Аман-есен, өз аяғымен жүр», – деді сарбаздың анасы.
Оның айтуынша, Бекет жағаға өз күшімен жеткен.
Бекет Қуандық – Атырау облысы Махамбет ауылының тумасы. Ол 2025 жылғы 3 қазанда мерзімді әскери қызметке шақырылып, Ақтаудағы №29011 әскери бөлімінде борышын өтеген.
Сарбаздың анасы қаза тапқан әскери қызметшілердің жақындарына көңіл айтты.
«Бүкіл Қазақстан үшін бұл – өте ауыр қасірет. Қазір ата-аналардың не сезініп отырғанын сөзбен жеткізу мүмкін емес», – деді Қарлығаш Мырзағалиева.

Айта кетейік, бұған дейін Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде аман қалған сарбаз Темірхан Ақжол Тимурұлының видеосы тараған еді. Аман қалған сарбаз әкесіне дәл осы жаттығуға 2-3 күн дайындалғанын айтқан. Өзі жағаға жүзіп шығыпты. Кейін достарын іздеген. Бірақ жарты сағаттан соң басы айналып құлапты.