Ауруханада жатқан сарбаздың видеосы тарады

Ауруханада жатқан сарбаздың видеосы тарады
Коллаж: видеодан кадр

Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде аман қалған сарбаз Темірхан Ақжол Тимурұлының видеосы тарады, деп хабарлайды ult.kz.

Бұл видеоны блогер Азамат Сәрсенбаев жариялады.

«2007 жылы туған Теміралыев Ақжол – аман қалған сарбаздардың ішінен ауруханаға жатқызылған жалғыз әскери қызметші. Кеше бері әлеуметтік желіде оның жағдайына қатысты түрлі ақпарат тарап жатыр. Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты. Ақжол жүріп жүр, өздігінен тамақтанып, сөйлесе алады. Дәрігерлер өздеріне тиесілі барлық көмекті көрсетті. Енді сарбазға қалпына келіп, өз-өзіне келуі үшін уақыт қажет», - деді ол. 

Бұған дейін, сарбаздың әкесі сұхбат берген еді. Аман қалған сарбаз әкесіне дәл осы жаттығуға 2-3 күн дайындалғанын айтқан. Өзі жағаға жүзіп шығыпты. Кейін достарын іздеген. Бірақ жарты сағаттан соң басы айналып құлапты. 

Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін әлеуметтік желіде тараған сурет көпшіліктің назарын аударды. Кадрда ауруханада жатқан сарбаз Ақжол Теміралыевтің қолында қаза болған қаруласы Мәдіхан Азамат Болатбекұлының береті көрінеді.

Суретті әлеуметтік желіге Аян Өрібай жариялаған. Оның айтуынша, Ақжолдың жағдайы ауыр болғанына қарамастан, ол досының беретін қолынан шығармаған. Сарбаз беретті марқұмның ата-анасына өзі табыстағысы келетінін айтқан.

«Азамат досымдыкі, өзім берем деп қолынан жібермейді. Бейбіт заманда Отан алдындағы борышын өтеп жүрген қаршадай жігіттер бақилық болып кетті. Ажал аяқ асты, бір сәтте…», – деп жазды Аян Өрібай.

Қорғаныс министрлігінің ресми мәліметіне сәйкес, Мәдіхан Азамат Болатбекұлы Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан мерзімді әскери қызметтегі матростардың қатарында.