«Досымның беретін өзім берем»: ауруханада жатқан сарбаз қаза болған жолдасының беретін ұстап алған

«Досымның беретін өзім берем»: ауруханада жатқан сарбаз қаза болған жолдасының беретін ұстап алған
Фото: әлеуметтік желі

Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде аман қалған сарбаз Темірхан Ақжол Тимурұлының ауруханада жатқан сәті көпшіліктің жүрегін ауыртты, деп хабарлайды ult.kz.

Әлеуметтік желіде тараған фотода оның қолынан қаза болған қаруласының береті көрінеді.

Суретті әлеуметтік желіде Аян Өрібай жариялаған. Оның айтуынша, Ақжол ауыр жағдайда жатса да, қаза болған досы Мәдіхан Азамат Болатбекұлының беретін қолынан шығармаған.

Сарбаз беретті марқұмның ата-анасына өзі табыстағысы келетінін айтқан.

«Азамат досымдыкі, өзім берем деп қолынан жібермейді. Бейбіт заманда Отан алдындағы борышын өтеп жүрген қаршадай жігіттер бақилық болып кетті. Ажал аяқ асты, бір сәтте…», – деп жазды Аян Өрібай.

Қорғаныс министрлігі таратқан ресми мәліметте Мәдіхан Азамат Болатбекұлы Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан мерзімді әскери қызметтегі матростардың қатарында көрсетілген.

Оқиға кезінде сарбаздардың бір бөлігі теңізге ағып кеткен. Қаза тапқандар мен із-түзсіз кеткен әскери қызметшілерге қатысты іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілді.

Аман қалған сарбаздың әкесінің видеосы тарады. 

Айта кетейік, Ақтауда қаза тапқан әскери қызметшілердің туыстары мен жақындары қалалық мәйітхананың алдына жиналды. Олар қаза болған сарбаздарды тану рәсімін өткізуді талап етті.

Қазір жергілікті билік әскери қызметшілердің мәйіттерін туған жерлеріне жеткізу жұмыстарын ұйымдастырып жатыр. Оларды Ақтау мәйітханасында туыстарына беру жоспарланбаған.

Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязов мәйіттер қысқа мерзім ішінде қаза тапқан әскери қызметшілердің тұрғылықты жерлеріне жеткізілетінін айтты. Сол жерде мәйіттер туыстарына табысталады.