Қазақстандықтар қаза тапқан сарбаздарды қағаздан оқып естірткенге шағымданды

Қазақстандықтар қаза тапқан сарбаздарды қағаздан оқып естірткенге шағымданды
Коллаж: видеодан кадр

Ақтау мәйітханасына қаза тапқан әскери қызметшілердің туыстары жиналды, деп хабарлайды ult.kz.

Ақтауда қаза тапқан әскери қызметшілердің туыстары мен жақындары қалалық мәйітхананың алдына жиналды. Олар қаза болған сарбаздарды тану рәсімін өткізуді талап етті.

Қазір жергілікті билік әскери қызметшілердің мәйіттерін туған жерлеріне жеткізу жұмыстарын ұйымдастырып жатыр. Оларды Ақтау мәйітханасында туыстарына беру жоспарланбаған.

Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязов мәйіттер қысқа мерзім ішінде қаза тапқан әскери қызметшілердің тұрғылықты жерлеріне жеткізілетінін айтты. Сол жерде мәйіттер туыстарына табысталады.

Қазақстандықтар марқұмдардың қазасын туыстарына қағаздан оқып естірткенге наразы болды. 

Не жағдай болды?

Алдын ала мәлімет бойынша, оқу-жаттығу кезінде Каспий теңізіне 19 әскери қызметші барған. Қазіргі уақытта олардың он екісі қаза тапқаны белгілі болды. Үш әскери қызметші құтқарылған. Олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалған әскери қызметшілерді іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Оқиға орнына құтқару қызметтерінің күштері мен құралдары дереу жіберілген. Іздестіру-құтқару жұмыстарына Әскери-теңіз күштері мен Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, авиация және басқа да тиісті қызметтер жұмылдырылды.

Оқиғаның себептерін анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылды. Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің өкімімен құрылған комиссияға Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жетекшілік етеді.

Комиссия құрамына Қорғаныс министрі, Маңғыстау облысының әкімі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерінің басшылығы, Бас әскери прокурор және Шекара қызметінің өкілдері кірді.

Премьер-министр Олжас Бектенов комиссия төрағасы Қанат Бозымбаевқа оқиға орнына шұғыл барып, әскери қызметшілердің қаза болу себептерін анықтауды тапсырды.

Сонымен қатар комиссияға қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қажетті көмек көрсету тапсырылды.

Кейін қаза тапқан әскери қызметшілердің аты-жөні жарияланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтты.

Маңғыстаудағы әскери оқу-жаттығу кезінде ауа райы қолайсыз болғаны айтылды

Каспий теңізінде әскери қызметшілер қаза тапқан қайғылы оқиғадан кейін Маңғыстау облысындағы сол күнгі ауа райы болжамы да талқылана бастады.

Қазгидромет 24 қыркүйекте өңірде қолайсыз ауа райы күтілетіні туралы дауылды ескерту жариялаған. Болжамға сәйкес, облыстың батысы, солтүстігі және орталығында оңтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетуі мүмкін болған. Солтүстік және орталық аудандарда шаңды дауыл соғуы ықтимал екені де ескертілген.

Ал 25 қыркүйекке арналған болжамда облыстың солтүстік-батысында жаңбыр мен найзағай күтілетіні айтылған. Түнде желдің екпіні 15–18 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін болған.

Оқиғадан кейін әлеуметтік желі қолданушылары әскери оқу-жаттығудың осындай ауа райы жағдайында өткізілгеніне назар аударды. Кейбір азаматтар дауылды ескертуге қарамастан оқу-жаттығуды өткізу туралы шешім қабылдаған жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға берілуі қажет деген пікір білдірді.

Оқиғаның нақты себептері мен оқу-жаттығуды өткізу кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуы үкіметтік комиссияның тексеруінен кейін белгілі болады.