Астанада 12 жастағы қызбен кездесуге келген 2 ер адам ұсталды

Астанада 12 жастағы қызбен кездесуге келген 2 ер адам ұсталды
Фото: видеодан кадр

Астанада «Жаңа адамдар» қозғалысының белсенділері «124» азаматтық науқаны аясында әлеуметтік эксперимент жүргізді. Олар әлеуметтік желіде 12 жастағы қыздың атынан жалған парақша ашып, оған кімдер хабарласатынын тексерген, деп хабарлайды ult.kz.

Белсенділердің айтуынша, аккаунт ашылғаннан кейін көп ұзамай оған ондаған ересек ер адам хат жаза бастаған. Кейбірі танысуға ниет білдірсе, енді бірі кәмелетке толмаған қызбен жеке сипаттағы әңгіме жүргізуге тырысқан.

1997 және 1994 жылы туылған екі ер адам қызбен кездесуге келген. Бірақ олардың бір топ ерікті күтіп алды. Ер адамның бірі

«пәк қыз іздедім» деп жалтарды. Оларды полиция алып кетті. 

Қозғалыс өкілдері бұл тәжірибе арқылы интернеттегі балалардың қауіпсіздігіне қатысты мәселеге назар аударуды мақсат еткен. Олардың пікірінше, әлеуметтік желіде баланың жасын анықтау және оны күмәнді адамдардан қорғау тетіктерін күшейту қажет.

Белсенділер мұндай жағдайлардың алдын алу үшін ата-аналарға балалардың интернеттегі белсенділігін бақылауға, бейтаныс адамдармен хат алмасу қаупін түсіндіруге және күмәнді аккаунттар туралы тиісті органдарға хабарлауға шақырды.