«Әке, мен тірі қалды деп той жасамаңыздар»: Каспийдегі қайғылы жағдайдан аман қалған сарбаздың сөзі

«Әке, мен тірі қалды деп той жасамаңыздар»: Каспийдегі қайғылы жағдайдан аман қалған сарбаздың сөзі
Фото: ЖИ/ Ult.kz

Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде аман қалған 20 жастағы матрос Бекет Қуандық жағалауға жету үшін шамамен 400-500 метр қашықтықты жүзіп өткен. Оның қалай құтылғанын әкесі Бақытбек Кенжеғұлов айтып берді, деп хабарлайды ult.kz.

Әкесінің айтуынша, Бекет әскерге осыдан бір жыл бұрын туған күнінде кеткен. Ол дзюдодан спорт шебері, студент әрі болашақ дене шынықтыру пәнінің мұғалімі.

Оқу-жаттығу барысында әскери қызметшілер теңіздің терең бөлігіне түскен. Сол кезде Бекет сабыр сақтап, жағалауға қарай жүзуге шешім қабылдаған.

«Мен өзімді сабырға келтіріп, жағаға қарай жүздім», – деген ол туыстарына.

Бақытбек Кенжеғұловтың сөзінше, ұлы бала кезінен жүзумен айналысып, физикалық дайындығын шыңдаған. Осы дайындығының арқасында ол 400-500 метрге жуық жүзіп, жағалауға жете алған.

Ата-анасы ұлының әскерден аман-есен оралуына орай дастархан жаюды жоспарлап, тіпті дәмханаға алдын ала тапсырыс берген. Алайда Бекет қаза тапқан қаруластарын ойлап, мерекелік жиын өткізуден бас тартқан.

«Әке, қажет емес, салтанатты жиын өткізбеңіздер. Достарымнан айырылғанда мен қалай тойлай аламын?» – деген Бекет әкесіне.

Каспийдегі қайғылы оқиға: 14 сарбаз қаза тауып, үшеуі аман қалды

Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметші қаза тапты. Тағы үш сарбаз құтқарылып, аман қалды. Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Маңғыстау облысы аумағында болған.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, оқу-жауынгерлік міндетті орындау кезінде ауа райы күрт нашарлап, 17 әскери қызметші ашық теңізге кеткен. Олардың үшеуін құтқарушылар аман алып қалған, ал 14 әскери қызметші қаза тапқан.

Аман қалғандардың қатарында Бекет Қуандық, Ақжол Темірхан және Никита Удалов бар. Ақжол Темірхан ауыр жағдайда ауруханаға жеткізіліп, кейін есін жиған. Бекет Қуандық пен Никита Удаловтың жағдайы тұрақты екені хабарланған.

Қаза тапқандардың екеуі бастапқыда хабар-ошарсыз кеткен болатын. 25 қыркүйекте сержант Мансұр Гумаров пен матрос Мирас Тұрдыбекұлының денесі табылып, іздестіру-құтқару операциясы аяқталды.

Оқиғадан кейін Қорғаныс министрлігіне қатысты қылмыстық іс қозғалып, әскери қызметшілердің қауіпсіздігіне жауапты бірқатар лауазымды тұлға ұсталды.

Қайғылы оқиғаға байланысты 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Ал 26-27 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскери салаға қатысты тексеру жүргізуді тапсырды және Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов қызметінен босатылды.

Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде аты аталған Мағауия мен Ахметов кім?

Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде 14 сарбаз қаза тапқаннан кейін әлеуметтік желіде екі матростың – Айнар Ахметов пен Әли Мағауияның тағдырына қатысты ақпарат тараған еді.

Айнар Ахметовтің туыстары оның теңізге түсіп, өз күшімен жағаға шыққанын айтқан. Осыдан кейін оның аты аман қалған үш әскери қызметшінің қатарында неге жоқ деген сұрақтар пайда болды.

Ал Әли Мағауияға қатысты да әлеуметтік желіде түрлі ақпарат тараған.

Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі екі сарбаздың да аман екенін және әскери қызметін жалғастырып жүргенін мәлімдеді.

Ведомствоның түсіндіруінше, Айнар Ахметов пен Әли Мағауия 24 қыркүйекте теңізге кеткен 17 әскери қызметшінің құрамында болмаған. Олар оқу-жаттығу кезінде жағалауда қалып, өздеріне берілген оқу міндеттерін орындаған.

Әли Мағауия видеоүндеуінде:

«24 қыркүйек күні теңіз жағалауында болдым. Кемеге мінген жоқпын. Өзіме берілген міндетті, яғни теңіз жағалауын күзетуді атқардым», – деді.

Айнар Ахметов те сол күні жағалауда болғанын және кемеге отырмағанын айтты. Ол оқиғадан кейін жақындарымен байланысып, жағдайының жақсы екенін хабарлаған.

Қорғаныс министрлігі екі матростың да қазіргі уақытта әскери бөлімде екенін және қызметін жалғастырып жатқанын нақтылады.